Жаңалықтар

Қазақстанда тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі жеңілдейді

Әкімдіктер арқылы тұрғын үй кезегіне тұру тоқтатылады / Фото: kursiv.media архиві

Тұрғын үй алуға өтініш беру жеңілдейді. Елімізде «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесі әзірленуде. Оның көмегімен отбасылар тұрғын үй кезегіне онлайн тұра алады. Бұл жайлы Өнеркәсіп және құрылыс  министрлігі хабарлады.

Әкімдіктер арқылы тұрғын үй кезегіне тұру қашан тоқтатылады?

Осыған дейін  тұрғын үй саясатын әкімдіктер басқарып келген болатын. Олар азаматтарды есепке қойып, тұрғын үйді үлестірумен айналысты. Алайда 2024 жылдың қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заңға қол қойды. Оған сәйкес, бұл функциялар енді «Отбасы банкке» беріледі. Заң 2025 жылдың 24 мамырынан бастап күшіне енеді.

Жүйе қалай жұмыс істейді?

Қазіргі уақытта банк базасында жаңа ақпараттық жүйе құрылды. Ол 8 мемлекеттік дерекқор жүйесімен біріктіріледі. Қазір Smart Data Ukimet жүйесімен интеграциялау соңғы сатыда. Бұл жүйеде 120 мыңнан астам мемлекеттік қызмет қарастырылған.

«Бірыңғай ақпараттық жүйені құру «бір терезе» қағидатын қамтамасыз етеді. Азаматтардың барлық өтініштері онлайн қабылданып, баспана автоматтандырылған режимде бөлінетін болады»,- делінген хабарламада.

Енді азаматтар тұрғын үй кезегіне онлайн тұра алады, әкімдікке немесе банкке барудың қажеті жоқ. Жүйе әр отбасының цифрлық портретін жасайды. Онда табыс деңгейі, мүліктің бар жоғы және  басқа да активтер көрсетіледі.

Ал тұрғын үйді тіркеу және мемлекеттік қолдау шараларын бөлу туралы шешімдерді «Отбасы банкі» ақпараттық жүйе арқылы қабылдайтын болады. Қазіргі уақытта жүйе тестілеуден өтуде. Есепте тұрған азаматтар туралы деректер жиналып жатыр.

Айта кетейік, мемлекеттік тұрғын үйді ҰОС ардагерлері, жетім балалар, көпбалалы отбасылар (табысына байланысты шектеулер бар), әлеуметтік осал топтар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының қызметкерлері, әскери қызметкерлер және апаттық жағдайда тұрған баспана иелері ала алады.

Еске салып өтейік, әкімдіктер өңірлерде үй кезегі бойынша тізімінен шығарылған азаматтардың орнына, баспана алуға үміткер болғандардың деректерін ашық жариялауға міндетті.