
Ұлытау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында өндірістік апат жиі тіркеледі. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.
«Өкінішке қарай, елімізде өндірістегі адамдардың жарақаттануы мен өлімі әлі де азаймай отыр. Жақында Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде болған қайғылы жағдай соған дәлел. 2021-2023 жылдары жазатайым оқиғалардың саны айтарлықтай артқан. Олардың 80 пайыздан астамы ірі және орта өнеркәсіп орындарында болған. Төтенше оқиғалардың 44 пайызы Қарағанды, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі», – деді Сенат төрағасы.
Әшімбаев еңбек адамын қорғауға бағытталған қажетті заңнамалық база бар екенін, қажетті заңнамалық нормаларды депутаттардың уақтылы қабылдап жатқанын атап өтті. Десе де, бұл заңнамалардың орындалуын бақылау мәселесінде қадағалау керек екенін айтты.
«Апаттың алдын алу шараларын кеңейту, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру маңызды. Бұл бағытта бизнес, еңбек инспекциясы және өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармалары тарапынан белсенді жұмыс жүргізілуі керек», – деді Сенат басшысы.