Жаңалықтар

Су тасқыны қаупі. Шығыс Қазақстан облысында эвакуациялық пункттер дайындалып жатыр

2025 жылы Қазақстанда 1223 елді мекенде су тасқыны қаупі бар
ШҚО-ның Алтай ауданында орташа қар қалыңдығы 98 сантиметр / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Шығыс Қазақстан облысында қардың орташа қалыңдығы 1 метрге жақын. Күн жылыса, өңірдегі елдімекендердің су астында қалу қаупі жоғары. Сондықтан Төтенше жағдайлар басқармасы қауіпсіз орындарды алдын-ала дайындап жатыр.

Алтай аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің ресми мәліметіне сәйкес, аймақтағы қардың орташа қалыңдығы 98 сантиметрді құрайды.

ШҚО Алтай ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының маманы Динара Кузнецованың айтуынша, бұл көлемдегі қар, күн жылынғанда елдімекендерге үлкен қауіп төнідреді.

«Аймақта көп мөлшерде қар жауып, тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттарға іргелес аумақтарға жиналды. Мұндай қар массасының жиналуы қауіпті салдарға әкеліп соғады. Оның салдарын күтпей-ақ, елдімекеннен қарды шығаруға кірісу керек. Оның тазалау жұмыстарын кәсіпкерлік нысандар, ұйымдар мен мекеме басшылары қолға алуы қажет. Ауыл тұрғындарына үй шатырларды қар мен мүздан тазалауға кеңес береміз», – деп мәлімдеген басқарма өкілі.

Алтай ауданының өзінде су тасқыны жағдайы нашарлаған жағдайда зардап шеккендерді қабылдау үшін 20 пункт дайындалған.

Өңірлердің су тасқынына дайындығын прокурорлар тексеріп жатыр. Құзырлы орган өкіншіке қарай біршама өңірлердің әкімдіктерінің су тасқынына дайындық мәселесіне немқұрайлы қарайтынын анықтаған. Прокурорлардың мәліметінше жергілікті атқарушы органдар мен уәкілетті органдар іс-шараларды формалды түрде атқарады. Ал су тасқынына дайындық жоспары жыл сайын еш өзгеріссіз қайталанады. Ал өңірлердегі гидротехникалық құрылыстардың жағдайы нашар. Прокурорлар бұл нысандардың үлкен көлемдегі суды ұстап қалуына күмәнмен қарайды.