Жаңалықтар

«Наурыз» бағдарламасымен аз жарна төлеп пәтер алуға бола ма – «Отбасы» банк басшысы жауап берді

ипотека
«Наурыз» бағдарламасымен 10% жарна төлеп үй алуға болады / Фото: kursivmedia мұрағаты

«Наурыз» бағдарламасы бойынша «Отбасы» банктен бастапқы жарнаны аз төлеп, үй алуға болады. Сонымен бірге аталмыш бағдарлама бойынша берілетін үйлер қымбаттамайды. Бұл туралы Сенат кулуарында «Отбасы» банк төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

Банк басшысының айтуынша, «Наурыз» бағдарламасы бойынша берілетін үйлердің бағасын құрылыс компаниялары өз бетінше қымбаттата алмайды.

«Наурыз» бағдарламасы бойынша пәтер бағасын өзгерту мүмкін емес. Құрылыс компаниялары ұсынған баға бірінші Baspana порталында бекітіледі. Осыдан кейін құрылысшы оның бағасын өз қалауына сай өзгерте алмайды», – деді банк өкілі.

10% жарна төлеп үй алу тетігі

«Біз қаңтардан бастап бағдрламаға жаңалық енгіздік. Банк құрылысшыларды жөндеу жұмыстары толық аяқталған пәтерлер салуға ынталандыру үшін жаңа тетік енгізді. Құрылысшы компания пәтерді жөндеуді қажет етпейтін күйде ұсынуы керек. Мұндай үйлердің жарнасы «Наурыз» бағдарламасы бойынша небары 10% болады», – деді Ибрагимова.

Банк басшысы алдағы 5 жылда пәтерді жөнделмеген күйде сату тәжірибесі тоқтайтынын айтады. Өйткені әлемде баспананы аяқталмаған күйде беру тәжірибесі жоқ.

«Басқа елдерде құрылысшылардан үй алған кезде сатып алушы шабаданымен келіп кіре салады. Дәл осындай тәжірибені біз де енгізгіміз келеді», – дейді банк өкілі.

Айтуынша, қазіргі күні Астанада 100 шақты пәтер осы талаптармен беріледі. Сонымен бірге Алматыда да бұл бағдарламаға қатысуға бірнеше құрылыс компаниясы өтініш білдірген.

Өтініш қабылдау қашан басталады?

Еске сала кетсек, «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау 2025 жылдың 5 наурызында басталады. Бағдарламаға моноқалалар, аудан орталықтары мен ауыл тұрғындары, үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдері, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алатындар қатыса алады. Сонымен бірге «Отбасы банкте» депозиті бар адамдар да баспана алуға өтініш береді.

Ал жаңа ипотекалық бағдарлама «Наурыз-жұмыскер» бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау 17 наурызда басталады. Бұл бағдарламаға тек жұмысшы топ өкілдері қатыса алады. Ол үшін өндіріс пен түрлі салаларда жұмыс істейтін кеншілер, жол жөндеушілер, жүргізушілер жіне т.б. маман иелері банк филиалына баруы керек. Өтініш тек офлайн қабылданады. Кім бірінші өтініш берсе, соның үй алу мүмкіндігі жоғары.