Lifestyle

Белгілі журналист Жұлдыз Төлеу анасын алдаған алаяқтарды жазалауды сұрады

Журналист Жұлдыз Төлеудің анасын алаяқтар алдап, пәтерін тартып алған / фото: ашық дереккөз

Қазақстанға танымал журналист Жұлдыз Төлеу анасын алдаған алаяқтарды жазалауды талап етіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Жоғарғы сотқа ашық хат жолдады.

Журналистің айтуынша, оның 77 жастағы анасы Базаргүл Байгөзованың Шымкент қаласындағы барлық заң орындарына: полиция, прокуратура, сот есіктерін қағып, әділдік сұрап келе жатқанына бес жыл болды.

«Бұл мәселені мен алдыңғы жылы көтерген едім. Құқық қорғау органдары құрыққа бой алдырмай қулық жасап жүргендерді құрықтайды ма деген үмітпен! Бірақ қара халықтың мүлкін заңсыз тартып алып жүргендерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, үш жыл бойы ол дұрыс жүрмей, соңында жабылды.

Енді ең соңғы үміт – Жоғарғы сотта! Жаңа Қазақстанда расында заң бәрінен үстем тұра ма, әділдік салтанат құрама деген үмітпен Жоғарғы сотқа жүгініп отырмыз!» – деп жазды Жұлдыз фейсбуктегі парағына.

Жұлдыз көтерген мәселенің мәні

Белгілі журналист билікке жазған хатында анасының алаяқтарға қалай алданып қалғанын баяндап өтті.

«Анамды сергелдеңге салған мына оқиға еді: 2021 жылдың 3 ақпанында Юрий Какулиди деген адам анамды алдап, сеніміне кіріп, есеп-шотындағы қаражатының бұғатталғанын айтып, өзіне қысқа мерзімге кепілге қоюға жылжымайтын мүлік шұғыл қажет екенін, үш-төрт күн ішінде кепілден жылжымайтын мүлікті шығарып беремін деп уәде еткен. Какулиди өз қолымен «жылжымайтын мүлікті кепілден тез арада шығарып беремін» деген мазмұнда қолхат жазып берген.

Сол күні Какулиди анамды өз автокөлігімен нотариус Сәнім Бақбергенованың кеңсесіне алып барған. Онда анам бұрын-соңды көрмеген Асқар Байғараев деген адам отырған. Сол жерде нотариус Бақбергенова анама құжаттардың мазмұнын түсіндірместен, «мына жерлерге қол қойыңыз» деп сату-сатып алу құжатына қол қойғызып, үйді үшінші адам – Асқар Байғараевқа сатып жіберген. «Іс бітті, қу кетті» Какулиди табанын жалтыратып үлгерген. Олар үйді бірден сатуға қойған. Үйді сатып алушылар келе бастағанда ғана, анам алданғанын білген».

Төлеудің айтуынша, дәл осындай жолмен Шымкентте бірнеше адам алданып, жеке мүліктерінен айырылып отыр.

«Бәрінде де арада сол Юрий Какулиди деген азамат, бір нотариус Сәнім Бақбергенова және үйді иеленген Ержан Мумбаев, Асқар Байғараев деген азаматтардың аты-жөні бар. Бұл істе ұйымдасқан қылмыстың іздері айқын көрініп тұрса да, Шымкенттегі заң орындары тергеуге құлықсыз танытып, үш жыл бойы қозғалған қылмыстық істі жүргізбей, ақыр соңында жапты.

Мен жеке басым Шымкент қаласының полиция Департаментінің сол кездегі (2023 жыл) басшысы болған Думан Таев мырзаның алдына да кіріп, қозғалған қылмыстық істің жүрмей жатқанын айтқан едім. Бірақ нәтиже болмады», – дейді журналист.

Жұлдыз Төлеудің анасы алғашқы сот инстанциясында жеңген, алайда…

Құқық қорғау органдарынан үміт үзген олар Шымкент қалалық ауданаралық сотқа шағымданған. 2024 жылдың 10 шілдесінде Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты бұл істі қарап, үйге қатысты сату-сатып алу келісім-шартының заңсыз жасалғанын анықтап, Байгөзованың арызын қанағаттандырған.

«Алайда Шымкент қалалық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасы шешімнің күшін жойып, пайданы қулық жасағандарға шешіп берді. Мен жүгінген заңгерлердің көрсетуі бойынша, апелляциялық сот қаулы шығарар кезде, бірнеше заңсыздықтарға орын берген. Сонымен бірге басты айтатын жәйт, жауапкер тарап бірде бір сот отырысына қатыспаған.

Анамның үйін өз атына аударып алған Байғараев заңсыз жолмен пайда табуды кәсіпке айналдырып келе жатқан адам екенін көруге болады. Бұл адаммен үй, жер дауы бірнеше рет сотта қаралған. Мұны осы іспен айналысып жатқан адвокат та дәлелдей алады», – деп шағымданды Жұлдыз Төлеу.

Ол Конституцияның 6-бабында «Жеке меншік танылады және бірдей қорғалады», 25-бабында «Тұрғын үйге қол сұғылмайды» деп жазылғандай, Жоғарғы соттан қарияларды құрығына түсіретін алаяқтарға тосқауыл қойып, әділеттің үстемдік құруын сұрайды.

«Бес жыл бойы сергелдеңге түскен 77-дегі анам қазір жүре алмайды, денсаулығынан айырылды. Мен анамның әрбір кірпіші маңдай термен қаланған өз үйінде тыныш өмір сүріп, мынау жарық өмірде әділдік барына көз жеткізіп кеткенін қалаймын», – деп жазды танымал журналист.

Жұлдыз Төлеу – Қазақстан және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында жиырма жылдан аса уақыт жұмыс істеген танымал журналист.