Қазақстанда жарты жылдан соң алғаш рет депозиттік мөлшерлеме өсті

2025 жылдың қаңтарында жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелер төрт айлық төмендеу көрсеткішінен кейін қайта өсе бастады. Бұл туралы Бірінші несие бюросының Telegram-арнасы хабарлады.
Қаңтар айында жеке тұлғалар үшін теңгедегі депозиттері бойынша орташа мөлшерлеме 13,5%-ды құраған, бұл желтоқсанмен салыстырғанда 0,3 пайыздық пунктке жоғары. Бұл 2024 жылдың тамыз айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Сол уақыттан бастап депозит шарттары біртіндеп нашарлап келген еді.
Қаржыны 1-3 айға ашылатын мерзімді депозиттерде сақтау тиімдірек, өйткені олардың орташа мөлшерлемесі 15,2%-ды құрады. Ал желтоқсанда ол көрсеткіш 15% болған.
Қаңтар айында заңды тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелер де желтоқсанмен салыстырғанда 0,1 пайыздық пунктке өсіп, 14,1%-ды құрады. Мұндай жоғары мөлшерлемелер соңғы рет 2024 жылдың қаңтарында (14,3%) тіркелген болатын. Жыл бойы олар төмендеп, тек желтоқсан айында 13,2%-дан 14%-ға көтерілді.
Айта кетейік, 2025 жылдың наурызынан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) теңгедегі депозиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді белгілеуді тоқтатады. Оның орнына Қор нарықтағы нақты мөлшерлемелер туралы ақпаратты жариялап отырады.Енді банктер депозит сыйақысын өздері белгілейді.
Жалпы, қазақстандықтардың депозитте жинаған ақшасы бір жылда 20% өскен. Ұлттық банк статистикасына сәйкес, желтоқсан айында жалпы депозит көлемі 38,5 трлн теңгеден 41,2 трлн теңгеге жетті. Соның 32 трлн теңгесі – теңгеде сақталған депозиттер. Ал шетел валютасындағы салымдардың көлемі 9,2 трлн теңгені құрайды.