
1 наурызда Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Көктемгі тестілеу 6 сәуірге дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында 163 мыңға жуық талапкер тест тапсыра алады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы хабарлады.
Қатысушылардың көпшілігі, 76% емтиханды қазақ тілінде тапсырса, 23,9% орыс тілінде, 162 адам ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған.
Бейіндік пәндер қатарында «Биология-Химия» таңдағандар көп болған(17,5%). Себебі бұл таңдау дәрігер, мұғалім және ауыл шаруашылығы мамандықтарына тапсыруға мүмкіндік береді. Екінші орында болашақ инженерлер арасында танымал «Математика-Физика» (17,1%), ал үшінші орынды IT саласына қызығушылықты көрсететін «Математика – Информатика» (10,5%) пәндері тұр.
ҰБТ бес пән бойынша, 120 тапсырманы қамтиды. Оның ішінде үш міндетті – «Қазақстан тарихы» (20 сұрақ), «Оқу сауаттылығы» (10), «Математикалық сауаттылық» (10) – және екі бейіндік (әрқайсысы 40 сұрақтан) пән бар. Ең жоғары балл – 140. Тестті орындауға 4 сағат беріледі, ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша уақыт (40 минут) қарастырылған.
Бұған дейін ҰБТ сұрақтарын жасанды интеллект жазуы мүмкін деген ақпарат тараған еді.