Тоқаев қазақстандықтарды қос мерекемен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Рамазан айының басталуымен және Алғыс айту күнімен құттықтады.
«Биыл Рамазан айы Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Мазмұны терең, мағынасы үндес қос мереке халқымыздың берекелі бірлігін одан әрі нығайта түсуге шақырады. Оразадан оразаға аман-есен жете берейік!», – делінген Ақорда жариялаған құттықтауда.
Бұған қоса, президент барша қазақстандықтарға алғыс айтып, зор ризашылығын білдірген.
«Туған елдің игілігі үшін адал әрі тынымсыз еңбек етіп жүрген барша отандастарыма алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін», – деді Тоқаев.
Алғыс айту күні Қазақстанда 2016 жылдан бері аталып өтеді. Ол Қазақстанға қиын-қыстау кезеңде көшіп келген өзге этнос өкілдерінің қазақ халқына алғыс айту күні деп аталып басталған.
Рамазан айы 2025 жылы 1 наурызда басталып, 29 наурызда аяқталады, 30 наурызда Ораза айт басталады.