Жаңалықтар

АҚШ масқара болды. Қорықпа. Жалғыз емессің. ЕО басшылары Ақ үйдегі оқиғаға қатысты не айтты

Трамп и Зеленский
Дональд Трамп пен Владимир Зеленский 28 ақпан күні кездесті / Фото: REUTERS/Shannon Stapleton/File Photo

Кеше, 28 ақпан күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский кездесіп, диалог құруға тырысты. Бірақ екі тарап бір келісімге келе алмай, кездесу сөз таласпен өтті. Кездесу барысында АҚШ президенті мен вице-президент Джей Ди Вэнс Украина президентін кінәлады. Осыдан кейін Владимир Зеленскийге еуропалық елдердің басшылары қолдау көрсетіп, Украинадан теріс айналмайтынын жеткізді.

Ресей – агрессор

Франция президенті Эммануэль Макрон болған оқиғадан кейін бірден Зеленскийге телефон шалып, қолдау көрсеткен.

«Ресей – агрессор! Ал Украина агрессияға ұгыраған халық. Менің ойымша, үш жыл бұрын Украинаға көмек көрсету және Ресейге қарсы санкциялар енгізу туралы шешіміміз дұрыс болған. Біз бұл істі жалғастыруымыз керек. Біз о бастан күрес жүргізіп жатқандарға қашан да қолдау көрсетуіміз қажет», – деп мәлімдеген Макрон.

Польша

Польша премьер-министрі Дональд Туск Зеленский мен украин халқына қолдау білдіріп, олардың жалғыз емес екенін айтты.

«Құрметті Владимир Зеленский, құрметті украин достар, сіздер жалғыз емессіздер», – деді ол.

Молдова

Молдова президенті Майя Санду да Макрон секілді Ресейдің агрессор екенін атап өтті. .

«Шындық қарапайым. Ресей Украинаға басып кірді. Ресей – агрессор. Украина өз бостандығын және біздің бостандығымызды қорғайды. Біз Украинаны қолдаймыз», – деді.

Еурокомиссия

Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен украин тілінде твит жазып, Украина басшысын ештеңеден қорықпауға шақырды.

«Сіз өз қадір-қасиетіңізден украин халқының батылдығы көрінеді. Мықты болыңыңыз, батыл болыңыз, қорықпаңыз. Сіз ешқашан жалғыз қалмайсыз, құрметті президент Зеленский. Біз әділ және тұрақты бейбітшілік үшін сізбен бірге жұмыс істеуді жалғастырамыз», – деді.

Ал Еурокомиссияның бұрынғы төрағасы Жозеп Боррель Трамп пен Вэнстің қойған қойылымын масқара жағдай деп бағалап, АҚШ шенеуніктерінің әрекетін сынға алып, бүкіл әлемді Украинаны қолдауға шақырды. Боррель Зеленскийден теріс айналмайтынын мәлімдеді.

Испания

Испания премьер-министрі Педро Санчез үш тілде, соның ішінде украин тілінде, твит жазып қалдырды. Онда: «Украина, Испания сенімен бірге» делінген.

Литва

Литва президенті Гитанас Науседа да Укаринаны жалғыз қадырмайтынын айтты.

«Украина, сен ешқашан жалғыз қалмайсың», – деді.

Латвия

Ал Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс дипломматияның қиын саяси ойын екенін айтты.

«Украина – ресейлік агрессияның құрбаны. Ол өз серіктестерінің қолдауымен күрес жүргізіп жатыр. Біз әділ және тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Латвия Украинаны қолдайды», – деп мәлімдеді.

АҚШ-тың бұрынғы шенеуніктері не айтты?

Коннектикут штатының сенаторы, демократ Крис Мерфи Американың ұятқа қалып, масқара болғанын айтты. Ал Трамптың бұрынғы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон Трамп пен Вэнстің Ресей агрессиясын қолдап отырғанын айтып, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. АҚШ-тың осындай саясат ұстанғанына Трамп пен Вэнс жауапты екенін атап өтті. Небраска штатынан республикалық конгрессмені Дон Бейкон соғысқа Ресейдің кінәлі екенін, шындықтан ешкімнің қаша алмайтынын айтты.