
Сириядағы қарулы топтар құрамында 30-дан аса Қазақстан азаматы соғысып жүр. Бұл туралы Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев РИА Новости сайтына берген сұхбатында айтты.
«Сириядағы жекелеген қарулы топтар құрамында 30-дан астам қазақстандық бар. Олардың басым бөлігі Қазақстанға қайтқысы келмейді. Кейбіреулері Сирия азаматтығын алып, сонда тұрақтап қалғысы келеді», – деді елші.
Сонымен қатар Дәурен Абаев күрд жасақтарының бақылауындағы «Аль-Холь» және «Родж» босқындар лагерлерінде 10-нан астам қазақстандық бар екенін айтады. Олар да елге оралуға ниетті емес.
Қазақстан бұған дейін «Жусан» және «Русафа» арнайы гуманитарлық операциялары арқылы Сириядан 600-ден астам азаматты, оның ішінде 37 ер адам, 157 әйел және 406 баланы елге қайтарған. Бірақ елшіліктің мәліметінше, Сирияда соғысып жүргендер ғана емес, тұтқынға түскен қазақстандықтар да бар. Олардың нақты саны белгісіз.
Бұған дейін Ирак астанасы Бағдат қаласындағы түрмеде жатқан, өмір бойы бас бостандығынан айырылған алты қазақ әйел Қазақстан билігінен елге қайтаруды сұраған. Олар осы уақытқа дейін сегіз жылын түрмеде өткізген.
Алты әйел Сирияға әр ел арқылы жеткен. Бірі – Ресей арқылы, бірі Әзербайжан арқылы ұшқан. Ол кезде жастары он сегіз, он тоғызда ғана болған жас келіншектер күйеулерінің соңынан сөзге келмей ілесіп кете барған.