Ұлыбритания Украинаға Ресейдің бұғатталған активтерінен 3 млрд доллар бөлмек

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер 1 наурызда Даунинг-стритте өткен кездесуде Украина президенті Владимир Зеленскийге «толық қолдау» көрсететінін айтты. Бұл туралы BBC басылымы хабарлайды.
Стармер Зеленскийге: «Бұл – Ұлыбритания халқының сіздерге және Украинаға деген қолдауы. Біз сіздердің қастарыңызда қанша уақыт қажет болса, сонша боламыз», – деді.
Зеленский Ұлыбританияға алғыс айтып: «Соғыстың алғашқы күнінен бастап біз ағылшын халқының қолдауын сезіндік», – деп жауап берді.
Кездесу барысында Зеленский мен Стармер Ұлыбританияның Украинаға 2,26 млрд еуро (2,85 млрд доллар) көлемінде несие беру туралы келісіміне қол қойды. Бұл қаражат әскери қажеттіліктерге жұмсалады және Ресейдің бұғатталған активтерінен төленеді.
Зеленский: «Бұл – нағыз әділеттілік. Соғысты бастаған ел оның зардабын өтеуі тиіс», – деді.
Кейін Стармер Франция президенті Эммануэль Макрон және АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөздер жүргізді.
2 наурызда ол Еуропа елдерінің басшыларымен саммит өткізеді. Бұл кездесуде Украинадағы соғысты реттеу және Еуропаның қорғанысын нығайту мәселелері талқыланады.
Лондондағы еуропалық саммит
Бұл саммит Еуропаның Ресей агрессиясына қарсы шараларын талқылайтын маңызды кездесу болмақ. Франция, Германия, Польша, Еурокомиссия, Еуропалық кеңес басшылары және НАТО бас хатшысы қатысады.
Польша премьер-министрі Дональд Туск 6 наурызда Еуропалық комиссия арнайы қорғаныс пакетін ұсынатынын мәлімдеді.
Бұған дейін Стармер Украинаға еуропалық бітімгерлік миссия аясында британ әскерін жіберу мүмкін екенін, бірақ бұл үшін АҚШ-тың қауіпсіздік кепілдігі қажет екенін айтқан еді.
АҚШ-тың қазіргі әкімшілігі Украинаға қатысты әскери міндеттемелерін нақтыламай, экономикалық әріптестік пен пайдалы қазбалар туралы келісімдерге назар аударуда. Алайда, соңғы ақпараттарға қарағанда, АҚШ әскери көмекті толық тоқтатуды қарастырып жатыр.
Бұған дейін «Курсив» басылымы Зеленский, Трамп және АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс арасындағы қатты пікірталастан кейін Еуропа басшылары Украинаны толық қолдайтынын хабарлағанын жазған.