
Ересек адам күніне бір литрден артық су ішуі керек. Ораза кезінде бұл норманы қалай орындауға болады? 15 жылдық тәжірибесі бар нутрициолог Лилия Карпусевич KursivMedia тілшісімен әңгіме барысында осы сұрақтарға жауап беріп, сәресі мен ауызашар кезінде тұтынуға болатын тағамдар туралы айтты.
«Ораза кезінде де, басқа уақытта да адам, ең алдымен, бір не екі стақан жылу су ішуі керек. Сол арқылы өтті тамақ ішуге дайындайды. Бұл сондай-ақ өт қабында тас жиналмай және ас дұрыс қорытылуы үшін керек. Әрі қарай рационда міндетті түрде ақуыз, май, көмірсу, талшық (клетчатка) болуға тиіс. Ақуызға ет, тауық еті, балық кіреді. Алайда сәресіге ет жемеген жөн. Оның орнына жұмыртқа, балық, қолжетімді болса теңіз өнімдерін, ірімшік тұтынған дұрыс. Ең тиімді нұсқа – жұмыртқа мен дәнді-дақылды нан», – дейді маман.
Оның сөзінше, дәнді-дақылды нан жақсы сіңеді әрі энергияны ұзақ уақыт сақтауға көмектеседі. Себебі дәнді-дақылды нан көмірсуға бай, ал көмірсу – ағзадағы энергия көзі.
«Егер адам жоғары сұрыпты ұннан жасалған нан немесе бауырсақ жесе, энергия ұзақ уақытқа жетпейді. Яғни қысқа мерзімді күш береді. Содан кейін адам қайта тамақтанғысы келіп тұрады. Сондай-ақ рациондағы мұндай өнім ұйқы безінің жұмысына да кері әсер етеді. Тіпті дәнді-дақылды нан мен аздап май жеуге болады. Өйткені сары май дәруменге бай, ол адамның көру қабілетіне, терісіне пайдалы. Сәресіге кез келген көкөністен жасалған салат жеуге болады», – дейді Лилия Карпусевич.
Ауызашарға майлы және ащы тағам жемеген жөн
Маманның сөзінше, асқазан-ішек жолдарының ауруы, өт, өт қабының аурулары бар адамдарға, қант диабеті барларға ораза ұстауға болмайды. Бұл адам өміріне қауіп төндіреді. Ал ауызашар кезінде ащы немесе майлы тағамнан бас тартқан жөн.
«Ауызашарға әдетте құрма жейді, содан кейін жеңіл тағамнан бастаған жөн. Бұған сорпа, салат жатады. Күні бойы аш құрсақ жүргеннен кейін бірден майлы тағам жеуге болмайды. Сорпадан бастап әрі қарай екінші ыстық тағамға көше бересіз. Алайда майлы палау, қуырылған, ащы тағам жеп асқазанға салмақ түсірмеңіз. Мұның бәрі өттің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет. Бастысы тағаммен бірге көкөніс жеу қажет», – дейді ол.
Нутрициологтан адам ораза кезінде қанша литр су ішуі керек екенін де сұрадық. Лилия Карпусевичтің айтуынша, су нормасы әр адамның ағзасына қарай жеке бекітіледі. Ол адамның жалпы салмағының 3%-ын құрайды.
«Шартты түрде адамның салмағы 60 келі деп алайық. Бұл кісі күніне кем дегенде 1,8 литр су ішуі керек. Ауыз бекіткен болса, кешкі және таңғы уақытты пайдалана алады. Бірақ су ішу керек деп, бәрін бір уақытта тұтынуға болмайды. Бұл норманы екіге бөліп, арасына уақыт салып ішкен дұрыс. Аз-аз жұтыммен ішкен жөн, себебі ол судың ағзаға сіңгені маңызды», – дейді ол.
Ауыз бекіту денсаулыққа пайдалы ма?
Маман ауыз бекіту денсаулыққа пайдалы деп санамайды. Оның сөзінше, адам ұзақ уақыт аш құрсақ жүрсе, ағзадағы дәрумендер азаяды, бұлшықет массасы өзгереді.
«Мұны пайдалы деп айта алмаймын. Себебі 15 жылда көптеген адаммен жұмыс істедім. Ораза ұстағанға дейінгі және одан кейінгі медициналық талдаудың нәтижесіне қарасақ, екеуі екі адам. Әдетте оразадан кейін ағзаны қалпына келтірумен айналысамыз. Себебі ағзадағы дәрумен азайып, бұлшықет массасы да жоғалады», – дейді Карпусевич.
Сондай-ақ маман ораза кезінде адам ағзасына қажет дәрумендерді қай уақытта ішуге болатынын да айтты.
«Дәруменді талдау нәтижесінде дәрігердің ұсынымы бойынша қабылдау қажет. B тобындағы дәрумендер ауыз бекіткен кезде ағзаға «қолдау» көрсетеді және таңертең жақсы сіңеді», – дейді ол.
Айта кетейік, 2025 жылы Рамазан айы 1 наурызда басталды. 27 наурызға қараған түн Қадір түні болып бекітілді. Ораза айт 30 наурызда басталады. Өңірлер бойынша ораза кестесін мына жерден көре аласыз.