Аустралияда 2,4 миллион баланы ажалдан арашалап қалған қарт донор өмірден өтті

Аустралияда әлемдегі ең белсенді донорлардың бірі Джеймс Харрисон өмірден өтті. Оның сирек кездесетін иммуноглобулин (anti-D) плазмасы 2,4 миллион сәбидің өмірін сақтап қалған, деп хабарлады ВВС-дің орыс қызметі.
Дәрігерлер оның плазмасын теріс резус-факторлы жүкті әйелдерге егіп, соның арқасында ана мен бала арасындағы резус-қақтығыстың алдын алып отырған.
88 жастағы Джеймс Харрисон 17 ақпанда Жаңа Оңтүстік Уэльстегі қарттар үйінде ұйықтап жатып көз жұмған, бірақ оның отбасы бұл туралы тек бүгін хабарлаған.
Джеймс Харрисон 14 жасында күрделі кеуде отасынан аман қалған кейін донор болуды шешкен. Сол кезде Харрисонды ажалдан біреудің қаны арашалап қалған.
Ол 18 жасында плазма доноры атанып, 81 жасына дейін әр екі апта сайын қан тапсырып отырған.
Anti-D иммуноглобулині не үшін қажет
Антирезус иммуноглобулині (anti-D) гемолитикалық аурудың (ГБН) алдын алады, ол ауру ана мен баланың қан топтары үйлеспеген жағдайда пайда болады.
Егер анасының резус-факторы теріс, ал баласының оң болса, жүкті әйелдің иммундық жүйесі эмбрионның қан жасушаларын бөгде зат ретінде қабылдайды. Соның салдарынан оған қарсы антиденелер шығарады. Бұл нәрестенің денсаулығына ауыр әсер етіп, қатты анемия, жүрек жеткіліксіздігін тудырып, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
1960-жылдардың ортасына дейін бұл ауруға шалдыққан сәбилердің әр екіншісі шетінейтін.
Ғалымдар әлі күнге дейін Джеймс Харрисонның қанында сирек кездесетін антидене қалай қалыптасқанын нақты білмейді. Кейбір зерттеулер оған жасөспірім кезінде қан құйғанмен байланысты болуы мүмкін деп болжайды.
Орган ауыстыру отасы Қазақстанда да бар. 2012 жылдан бері бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безін ауыстыру бойынша 2800 ота жасалған.