
Көктем жаңаратын, тіршіліктің басталатын шағы. Алайда бұл мезгіл барлық адамға бірдей оң әсер ете бермейді. Кей адам бойын ауырлық басып, шаршап жүрсе, кейде ескі аурулар қозып, тіпті еліріп, өзімен-өзі айқайлап, жын кіргендей күйге түсетіндер де бар. Kursiv.media бұл құбылыстың себебіне үңіліп көрді.
Ғылым не дейді
Көктемдегі аурудың қозуы – медициналық термин емес, мұны күннің жылуымен бірге пайда болатын физикалық және психологиялық өзгерістердің жалпы сипаттамасы ретінде түсіндіруге болады. Құбылысты психоэмоционалды күймен жиі байланыстырып жатады. Алайда ол физикалық денсаулықпен де тығыз байланысты.
Қыстан кейін жылы айлар келгенде, бірнеше өзгеріс байқалады. Суық мезгілде организм жылуды сақтау үшін көп энергия жұмсайды, ал адамдар майлы және көмірсуға бай тағамдарды көбірек тұтынады. Сонымен қатар наурыз айында жаңа піскен көкөністер мен жемістердің бағасы шарықтап, олардың сапасы төмендейді. Осылайша, адам ағзасы белсенділік пен жақсы көңіл-күйді сақтау үшін қажет минералдар мен дәрумендердің жетіспеушілігіне тап болады. Иммунитет әлсірейді, бұл физикалық және психологиялық тұрғыда қиындықтар туғызады.
«Көктемдегі аурудың қозуы жағдайының жалғыз себебі жоқ»
Әлеуметтанушы-психолог Айтуар Коспаков ғалымдар мұндай мінез-құлықтың себебін жан-жақты қарастыратынын айтады.
Нейробиология немесе медицина саласының зерттеушілері бұл мәселені ми белсенділігі (brain activity), гормон деңгейі немесе генетика тұрғысынан зерттеп жатса, психология саласының мамандары тұлғаның психикасына көптеген фактор әсер ететінін тұжырымдайды.
«Оның ішіне тұлғаның жеке ерекшеліктері, қоршаған әлеуметтік/саяси/табиғи орта, ауа-райы немесе жыл мезгілі, стресс деңгейі және т.б. жатқызуға болады. Алайда көктемдегі аурудың қозуы құбылысының нақты себебі мынау деп көрсету өте қиын, себебі психикалық аурулардың асқыну процесі кешенді болып келеді», – дейді ғалым.
Қатер аймағына кім кіреді
Айтуар Коспаков ғалымдар адамдардың бірнеше тобын қатер аймағына жатқызатынын атап өтті.
Мәселен, бір топқа көңіл-күй бұзылысына жататын маусымдық аффективті бұзылысы (Seasonal Affective Disorder) бар адамдар кіреді. Мұндай топтағы адамдарда жыл мезгілінің ауысуынан көңіл-күйі, мотивациясы және оқу мен жаңа нәрселерді ашуға деген құлшынысы күрт төмендейді. Бұл – адамның психикалық денсаулық белгілерінің нашарлауын білдіреді.
«Әлемнің әртүрлі елдерінде маниакалды эпизодтар (көтеріңкі көңіл-күй, гиперактив болу) көктемде жиілейтіні анықталған. Оған қоса, суицид деңгейінің ең жоғары көрсеткіштері қыс мезгілінде емес, дәл көктем айларында байқалатыны белгілі болды», – дейді ол.
Екіншіден, психиатр биполярлық бұзылыс, негізгі депрессиялық бұзылыс, гипер(мания) бұзылыстары туралы диагноз қойған адамдарда күз, көктем мезгілдерінде психикалық бұзылыстар асқынып, олардың өмір сапасына нұсқан келтіретіні анықталған.
Көктемнің психикалық ауруларға әсерінің алдын алу
Психолог зерттеудің нәтижесі маусымдық өзгерістердің психикалық денсаулыққа әсерін төмендетуге немесе алдын алуға болатынын көрсеткенін жеткізді.
«Ғалымдардың пайымдауынша, негізгі әдістерге ұйқы кестесін тұрақтау, қажет жағдайларда дәрігер кеңесі бойынша дәрі-дәрмек көмегіне жүгіну, физикалық белсенділікті арттыру қажет. Диета ұстап, тамақтануға көңіл көлген жөн. Сонымен бірге, көктемде аурудың қозуына шалдығу аймағына кіретін адамдар психологиялық көмекке немесе терапияға жүгініп, айналадағы адамдармен тұрақты әлеуметтік қарым-қатынас сақтауы қажет», – дейді ол.
Көктемдегі аурудың қозуын қазақ қалай түсінген
Қазақ танымында да көктем ерекше орынға ие. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер» шағы” деп көктемнің ауыртпалығын жіті түсінген.
Этнограф Болат Бопай қазақ халқы көктемгі психикалық өзгерістерді бірнеше тұрғыдан қарастырғанын айтады.
1. «Көктемгі желігу» немесе «Көктемгі дерт» – бұл ұғым көктемде адамның бойындағы қанның қозғалысы күшейіп, жүйкеге әсер ететінін білдіреді. Мұны қазақтар «қан қызуы» деп те атаған.
2. «Жындану», «пері соқты» – кейбір адамдардың кенеттен өз-өзінен сөйлеп, елестік бейнелер көруін қазақтар жын-шайтанның немесе перінің әсері деп түсіндірген. Әсіресе, әлсіз, аурушаң адамдарды «жын қонады» деп емшілерге, бақсыларға қаратып отырған.
3. «Жүйке шаршауы» немесе «көңіл жүдеу» – қыс бойы ауыр ойда болған, қайғы мен күйзелісті көп көрген адамдардың көктемде психикалық шаршауы шегіне жетіп, мінез-құлқында өзгерістер байқалуы мүмкін”, – дейді этнограф.
Болат Бопайдың пікірінше, көктемдегі аурудың қозу қаупі жүйкесі әлсіз, сезімтал адамдарға, шизофрения, маниакалды-депрессивті психоз, эпилепсия сияқты созылмалы жүйке ауруы барларға, қыс бойы күйзеліске түскен, жалғыз қалған адамдарға жиі төнеді.
Ауыр қыстан кейін денсаулығы әлсірегендер ашушаң, тез әсерленгіш, күйгелек келетін бойында «қан қызуы» жоғары адамдар да көктемдегі аурудың қозуына шалдығу ықтималдығы жоғары.
Қазақ мұндайдан қалай сақтанған
Этнограф қазақ халқы көктемгі желігуден сақтануда қолданып, қаперде ұстаған бірнеше жолды айтып берді:
1. Денсаулықты күту – қазақтар көктемде денені тазарту үшін әртүрлі шөптерден тұнба ішіп, терлетіп, ішек-қарын тазарту әдістерін қолданған. Қымыз, шұбат ішіп, ағзаны әлдендірген.
2. Күн сәулесі мен таза ауа – мал бағып, күнге шығып, серуендеу жүйке жүйесіне оң әсер ететінін білген.
3. Рухани тепе-теңдікті сақтау – адамды жалғыз қалдырмай, ортаға тарту, әңгімеге шақыру, күлкі, әзіл арқылы сергіту тәсілдері қолданылған.
4. Жүйке тыныштандыратын ем-дом – бақсылар қобыз тарту арқылы, емшілер дұға оқу арқылы жүйке ауруларын жеңілдетуге тырысқан.
5. Суық сумен шайыну, тұзды суға түсу – жүйкені тыныштандыру үшін қазақтар салқын бұлақ суына шомылып, жалаңаяқ жер басып жүруді ұсынған.
6. Көктемгі желден қорғану – қазақтар көктемгі «ит-ырғай» желдің адамға кері әсер ететінін біліп, көктемгі боранды күндері сыртта көп жүрмеуді, бас киімсіз шықпауды ескерткен.
Көктемдегі аурудың қозуы байқалған адамдар дәрігер көмегіне жүгінгені жөн. Мәселесі психикалық күйімен байланысты болса, психолог, психиаторлардың консультациясын алған дұрыс. Осы ретте, дертке дауа бола алатын маманды қалай табуға болатыны баяндалған материалымызды оқуға кеңес береміз.