Ұлттық банк наурызда Ұлттық қордан 800 млн доллар сатуды жоcпарлап отыр

Ұлттық Банк республикалық бюджетке трансферт бөлуге арналған Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша наурызда 800 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді. Бұл туралы Ұлттық банк валюта нарығы туралы ақпараттық хабарламасында мәлім етті.
Бас регулятор ақпан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 499,09 теңгеге дейін нығайғанын атап өтеді. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 227 млн АҚШ долларынан 237 млн АҚШ долларына дейін ұлғайған. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,7 млрд АҚШ долларын құраған.
Ақпанда Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларына валюта сатылған. Бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 13%-ын немесе күніне шамамен 30 млн АҚШ долларын құраған.
«Ұлттық Банк республикалық бюджетке трансферт бөлуге арналған Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша наурызда Ұлттық қордан 700 млн АҚШ долларынан 800 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді» делінген хабарламада.
Хабарламада қаңтарда Ұлттық Банк монетарлық бейтараптыққа қол жеткізу үшін отандық алтын өндіруші кәсіпорындардан алтын сатып алу нәтижесінде теңге эмиссиясына балама көлемде АҚШ долларын ішкі валюта нарығында сатуды көздейтін тепе-теңдік тетігін енгізу туралы шешім қабылдағаны айтылады.
«Ақпанда тепе-теңдік операциясы аясында 250 млрд теңге алынды. Наурызда осы мақсатта шамамен 250 млрд теңге баламасында валюта сатылады деп күтілуде» дейді Ұлттық банк.
Бас регулятор ақпанда валюталық интервенциялар жүргізмегеннін жеткізді.
Ел үкіметі биыл ұлттық қордан алынатын қаржыға шектеу қойғалы отыр.