Банк пен қаржы

Мемлекеттен алған көмекті әлі қайтармаған банктердің мойнындағы қарызы қанша

банктер
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазіргі кезде бес банк мемлекеттен қаржылық қолдау алған, бірақ оның бір бөлігін әлі қайтармаған. Бұл банктер 2017 жылы ҚР Ұлттық банкі бастамасымен жүзеге асырылған Банк секторын тұрақтандыру бағдарламасы аясында төмен мөлшерлемемен несие алған. Бағдарлама бойынша қаражат Қазақстандық тұрақтылық қоры (ҚТҚ) арқылы берілді.

Жалпы, банктер бұл қаражатты 15 жылға 4% жылдық мөлшерлемемен алған. Бірақ олардың кейбірі несиенің бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтарып жатыр, ал кейбірі толық өтеу мерзіміне дейін ұстап қалуды жөн көріп отыр.

Сонымен мемлекеттен қарыз алған банктер:

1. Bank RBK

Алған сомасы: 244 млрд теңге;
Қайтарғаны: 30 млрд теңге (екі траншпен);
Қалған қарызы: 214 млрд теңге;
Жоспары: Қарызды мерзімінен бұрын қайтару банк акционерлеріне дивиденд төлеу шарттарына байланысты.

2. Банк ЦентрКредит (БЦК)

Алған сомасы: 60 млрд теңге;
Қайтарғаны: 20 млрд теңге (2024 жылдың желтоқсанында);
Қалған қарызы: 40 млрд теңге:
Жоспары: Мемлекетке қарызды толық қайтару мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бірақ жаңа салық заңнамасына байланысты соңғы шешім әлі қабылданған жоқ.

3. Еуразиялық банк

Алған сомасы: 150 млрд теңге;
Қайтарғаны: 0 млрд теңге;
Қалған қарызы: 150 млрд теңге;
Жоспары: Қарызды алдын ала қайтару жоспарда жоқ, келісімшарт бойынша белгіленген мерзімге дейін төленеді.

4. «Нұрбанк«

Алған сомасы: 30 млрд теңге;

Қайтарғаны: 0 млрд теңге:
Қалған қарызы: 30 млрд теңге;
Жоспары: Қарызды толық өтеу мерзімі аяқталғанда ғана қайтаруды жоспарлап отыр.

5. Jusan Bank – ең көп көмек алған банк

Jusan Bank басқа банктермен салыстырғанда жағдайы ерекше болып тұр. Қаржы институты Банк секторын тұрақтандыру бағдарламасы аясында ғана емес, қосымша бірнеше мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланған.

Аталмыш бағдарлама аясында «Цеснабанк» пен АТФБанк алған қарыздар кейін Jusan Bank иелігіне өтті. Бұл қаржы басқа банктер сияқты 4% мөлшерлемемен берілгенімен, кейін Jusan Bank үшін бұл қарыздар тегін қаржыға айналды.

Кезінде мемлекет «Цеснабанктің» проблемалық несиелерін сатып алу арқылы оған 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлген. Бұл сатып алу-сату мәмілесі болғандықтан, бұл қаражат қайтарылмайды.

Сонымен қатар Jusan Bank-тің балансында 859 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау қаражаты бар, оны банк 2045 жылға дейін пайдалануға құқылы. Дегенмен баланста көрсетілген қарыз көлемі дисконттауға байланысты едәуір төмен.

Jusan Bank бұл қаржыны мерзімінен бұрын қайтаруды жоспарлап отырған жоқ. Банк өкілдері «мемлекет алдындағы барлық міндеттеме жасалған келісімдерге сәйкес толық орындалуда» деп мәлімдеді.

Соңғы күндердегі басты оқиғасы – Қазақстанның ең ауқатты кәсіпкерлерінің бірі Вячеслав Кимнің Jusan Bank-ті сатып алуға қызығушылық танытуы. Биліктің бұл келісімге келісуі үшін мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын қайтарасын деп шарт қоюы ықтимал.

Вячеслав Ким Jusan Bank-ті сатып алғалы жатқанын Kursiv.Media-ға растады.