
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаевамен байланысы бар «Қазақстан-Британ техникалық университеті» (ҚБТУ) өз меншігіндегі екі институтты мемлекетке қайтарды. Қаржы есептілігі депозитариіндегі хабарламаға сәйкес, «Д. В. Соколький атындағы жанармай, катализ және электрохимия институты» мен «А.Б. Бектұров атындағы химия ғылымдары институтының» акционерлері ауысты. Ал бұл институттардың 100 пайыз акциясы 2010-2011 жылдары ҚБТУ-дың меншігіне өтіп кеткен еді.
Бұған дейін «Қазақстан-Британ техникалық университетінің» меншігінде болған қос институт енді «Қайтарылған активтерді басқару» компаниясының» (КУВА) иеліген берілген. Екі институттың акционерлері 27 ақпанда ауысқан.
ҚБТУ-дың иесі кім?
eGov.kz мәліметі бойынша, ҚБТУ-дың жалғыз құрылтайшысы бар, бірақ оның нақты қандай компания екені көрсетілмеген. Университет 2021 жылдың сәуірінде қайта тіркеуден өткен.
Университеттің 2023 жылдың соңындағы соңғы қаржы есептілігіне сәйкес, жалғыз акционері – «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім қоры» (NNEF). Осыған сүйене отырып, Қор университеттің құрылтайшысы болып қала берген деп болжауға болады.
Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қорының үш құрылтайшысы бар. Олар: Динара Құлыбаева, Галина Самаркая және Асқар Нұрпейісов.
Назарбаев қоры ірі университетті қалай иеленді?
ҚБТУ сайтында 2000 жылы «ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританияға ресми сапары барысында білім және ғылым саласындағы келісімдерге қол жеткізілді, соның ішінде республикада білікті техникалық мамандарды даярлау бойынша жоғары оқу орнын ашу туралы шешім қабылданғаны» жазылған.
Оқу орны 2001 жылы құрылған. Алғашқы құрылтайшылары Білім және ғылым министрлігі, ҚБТУ-дың серіктестері Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі мен Британ кеңесі болды. 2003 жылы университет «ҚазМұнайГаз» ұлтты компаниясының меншігіне өтеді.
Алайда 2018 жылы ҚМГ оны аукцион арқылы Назарбаев білім қорына сатқан. Қор университетті 11,3 млрд теңгеге сатып алған.
Бірақ алты жылдан кейін Алматы прокуратурасы бұл келісімді заңсыз деп тануды талап етті. Себебі прокуратура «компанияны жекеге беру кезінде 11 млрд шығын келтірілген» деп тұжырымдайды. 2024 жыл басында «тараптар медиациялық келісімге келеді» деген желеумен, сот ісі тоқтап қалған.
Қос институт тарихы
«А.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институты» – Қазақстандағы химия ғылымының дамуына айтарлықтай үлес қосқан жетекші ғылыми-зерттеу мекемелерінің бірі.
Институттың негізі 1945 жылы қаланды. Сол кезеңде институттың негізгі бағыты табиғи ресурстарды өңдеу, минералды шикізаттарды зерттеу және бейорганикалық химия мәселелерін шешуге бағытталған болатын. Институт өзінің қазіргі атауын көрнекті ғалым, академик А.Б. Бектұровтың құрметіне иеленді.
Ад «Д.В. Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институты» 1969 жылы 1 желтоқсанда академик Дмитрий Сокольскийдің бастамасымен құрылды.
Институттың мақсаты – жанармай, катализ және электрохимия салаларында ғылыми зерттеулер жүргізу және осы бағыттарда жаңа технологиялар әзірлеу. Институт құрылымында 10 зертхана бар, онда 200-ден астам ғылыми қызметкер қызмет етеді.