2 млрд теңгені жымқырған сот сараптама орталығының басшысы қамауға алынды

Жарияланды
2 млрд теңге жымқырған
Сот сараптамалары орталығының басшысы жекеменшік компаниялармен келісіп, бюджеттен 2 млрд теңге жымқырған / Фото: kursiv.media;

Астана қаласындағы Сот сараптамалары орталығының басшысы 2 млрд теңге қаржыны жымқырған деген күдікке ілінді. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары мен мердігер ұйым басшысына қатысты 2 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін тіркеді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Бюджет қаражаты қалай жымқырылды?

ҚМА мәліметінше, 2023–2025 жылдарға нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жүргізу мақсатында республикалық бюджеттен 10,3 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат сот-сараптама органдарын заманауи материалдық-техникамен жабдықтауға жұмсалуы керек болған.

Бірақ 2023–2024 жылдары Сот сараптамалары орталығының лауазымды тұлғалары бұл қаражаттың біраз сомасын жымқырып үлгерген. Агенттік мәліметнше, орталық басшысы мүдделі топпен алдын-ала келісіп, бюджет өтінімін қалыптастыру кезінде жалған коммерциялық ұсыныстар енгізген. Солайша құжатта көрсетілген жабдық құны үш есе қымбатқа көрсетілген.

Жымқырылған 2 млрд теңге қайда жұмсалды?

Бюджет қаражатын жымқыруды көздеген орталық басшылары мемлекеттік сатып алу конкурсына ұсынылатын құжаттарды өздері уәделескен компаниялар үшін ыңғайлы етіп әзірлеген. Яғни техникалық сипаттамаларына тек өздері танитын компаниялар ұсынған жабдықтар келетіндей етіп жасаған.

ҚМА бұл адамдардан жалпы құны 148 млн теңгеден асатын Алматы қаласындағы 2 жер телімін тәркілеген. Сонымен бірге Астана қаласындағы пәтер және BMW Х6 мен RAV 4 автокөліктеріне тыйым салынған.

«Банк есепшоттарындағы 1,6 млрд теңге , 367 мың АҚШ доллары және 366 мың еуро сомасындағы компанияның ақша қаражаты бұғатталды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Кімдер қамауға алынды? 

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, ақшаны жымқыру фактісі бойынша бірнеше адам сотталған. Атап айтқанда, құқықтық сараптама орталығының директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және ЖШС басшысы ұсталған. Олар сот үкімімен олар 2 айға қамауға алынған.

Сондай-ақ оқыңыз