
Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі іздеу жариялады. Бұл туралы Қылмыскерлерді іздестіру жөніндегі ресми сайтта хабарланған.
Нығматуллин Арғын Зайруллаұлын іздестіру ісі прокуратура бастамасымен 3 наурыз, яғни бүгін тіркелген.
«Туған күні: 28.06.1955, жынысы: еркек, Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақ. Іздестіру ісі 03.03.2025 «Астана өңірде тіркелді. Іздестіруді жүргізетін орган: Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі», – делінген сайтта.

Арғын Нығматулин кім?
Арғын Нығматулин өзінің еңбек жолын тау-кен ісінен кенші ретінде бастаған. Кен орындарында біраз жыл істеген, кейін Шығыс ғылыми-зерттеу институтының Қарағанды филиалына ғылыми қызметкер ретінде орналасқан. Институтта 8 жыл істеген ол кен ісіне қайтса ауысып, әр жылдары «Саран», «Қазан революциясының 60 жылдығы» кен орындарында басшылық қызметтер атқарған. Содан кейін әкімдікте біраз уақыт істеп, Қарағанды облысындағы «Жылжымайтын мүлік орталығының» директоры қызметіне ауысқан.
Ал 2006 жылы «Сарыарқа» хоккей клубын құрып, 12 жыл басшылық еткен. Сонымен бірге Арғын Нығматулин «Шахтер» футбол клубын да басқарған. 2024 жылдың қараша айында Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев Нығматулинге клубтың сенімгерлік басқаруға уақытша беріліп, мемлекет меншігіне кері қайтарылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ сенімгерлік басқаруда бұл клубтың қарызы біршама көбейіп, әкімдіктің демеушілер көмегімен жапқанын айтты.