
Ішкі істер министрлігі «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарынан металл мен тауарлық материалдарды ұрлаумен айналысқан топты құрықтады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Алюминий зауыты аумағынан металл ұрлау схемасын анықтады. Қылмыс жасады деген күдікке кәсіпорынның қызметкерлері ілінді. Олардың заңсыз әрекеті жедел іс-шаралар нәтижесінде құжатталды», – делінген баспасөз хабарламасында.
ІІМ мәліметінше, бұл істің фигуранттары металдың кезекті партиясын шығару кезінде қылмыс үстінде ұсталған. Салдарынан кәсіпорынға 30 млн теңге сомасында шығын келген.
Ұлытау облысында тіркелген жағдай
Компанияның Ұлытау облысындағы кәсіпорнында да осындай схема бойынша зауыт мүлкі жүйелі ұрланып келген. Ұлытау облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен «Қазақмыс» корпорациясының қауіпсіздік қызметі бірлесе жұмыс жүргізе отырып, кәсіпорын жұмыскерлерінің екі тобының ұрлық схемасын әшкерелеген.
Бірінші топқа учаске бастығы басшылық еткен. Ол бірнеше адаммен бірлесе отырып, 16 млн теңгеден астам сомаға кәсіпорын мүлкін ұрлаған.
«Екінші топтың ұрлық жасауына корпорация басқармаларының бірінің басшысы қатысқан. Олар ұрланған заттарды кәсіпорын аумағынан құжаттарды қолдан жасау арқылы шығарып отырған. Аталған фактілер бойынша фигуранттардың құқыққа қарсы әрекеттері туралы дәлелдер жиналды. Барлық күдіктілер ұсталды», – дейді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Қуандық Алпыс сонымен бірге «Qarmet» зауытына қатысты да осындай ұрлық схемасы анықталғанын хабарлады. Қылмысық топ мүшелері ұрлаумен емес, сонымен бірге кеншілерді бопсалаумен де айналысқан. Қылмыстық топтың 24 мүшесіне 6 айдан бастап 12 жылға дейінгі жаза тағайындалған.