Қазақстан мен Әзербайжан Каспий түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау жөніндегі келісімге қол қойды

Қазақстан-Әзербайжан бағытындағы су асты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу жөніндегі келісімге қол қойылды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, премьер-министр Олжас Бектенов Бакуге ресми сапармен барып, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің қабылдауында болған. Перзидент қабылдауынан кейін премьер-министр сол елдегі әріптесі Әли Асадовпен үкіметаралық келіссөздер жүргізген. Келіссөз барысында біршама құжаттарға қол қойылған.
«Кездесулер қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде Қазақстан-Әзербайжан бағытындағы су асты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу жөніндегі құжат бар. Жоба байланыстың сапасы мен сенімділігін арттыру, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді беруді кеңейту үшін стратегиялық маңызға ие», – делінген баспасөз хабарламасында.
Екі ел арасындағы ынтымақтастық жөнінде
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналым 2024 жылы 533 млн долларды құраған. Енді Қазақстан бұл елге 340 млн долларға дейін шикізаттық емес тауарлардың 130 түрін жеткізуді арттыруды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек көлік-логистика саласында өзара іс-қимылды нығайтып, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемін арттыру көзделген. Өткен жылы бұл бағытта жүк тасымалдау көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жеткен. Жұмысты ілгерілетіп, жүк көлемін арттыруға екі елдің теміржол желісі арасында Digital Trade Corridor платформасын интеграциялау жоспарланып отыр.