«Бәйтерек» Қытайдан юаньмен қарыз алды

Жарияланды
Мұндай мәміле бірінші мәрте жасалып отыр/Фото: «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі
Мұндай мәміле бірінші мәрте жасалып отыр/Фото: «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі

«Бәйтерек» Қытайдан қомақты қарыз алды. Атап айтқанда, қаражатты Шығыстағы көрші елдің Сауда өнеркәсіп банкісі юаньмен бермек.

Холдингтің ақпаратына қарағанда, мұндай мәміле бірінші мәрте жасалып отыр.

Валюталық тәуекелді әртараптандыру

«3 наурызда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Қытай Халық Республикасымен белсенді ынтымақтастық аясында Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкісінен (ICBC) юаньмен алғаш рет банк қарызын тартты», – деп хабарлады «Бәйтерек» холдингтің баспасөз қызметі.

Холдингтің пікірінше, «Бәйтерек» Қытайдан қарыз алса, бұл – стратегиялық қадам екен. Холдингтің халықаралық нарықтағы өз позицияларын нығайтатын көрінеді.  Валюталық тәуекелдерді әртараптандыруға және жаңа жобаларды дамыту үшін инвестициялық мүмкіндіктерді арттыруға мүмкіндік береді.

Импорттық операциялар

«Қытайдың ұлттық валютасындағы қарызды тарту Қытай серіктестерімен және жабдықтаушыларымен ынтымақтастық үшін қосымша перспективалар ашып, экспорттық және импорттық операцияларды кеңейтуге септігін тигізеді», – делінген «Бәйтерек» хабарламасында.

Холдингтің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшиннің пікірінше, қарыз алу үшін арада мәміле жасалған. Бұл – Қазақстан үшін жаңа мүмкіндік ашпақ.

«Юаньмен қарыз тарту – бұл холдинг үшін қаржы құралдарын әртараптандыру мен Қытаймен экономикалық өзара әрекеттестікті нығайтудың маңызды қадамы. ICBC-пен ынтымақтастық Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыру және негізгі салаларды қаржыландыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз», – деп атап өтті басқарма төрағасы.

Бұл қаражат қайда жұмсалады?

«Бәйтерек» Қытайдан қарыз алып, оны агроөнеркәсіптік секторын қаржыландыруға жұмсамақ. Қазақстан өнімдерін Қытай Халық Республикасына экспортын арттыруға ықпал ететін болады.

«Қытайдың қаржы институттарымен өзара әрекеттестікті кеңейту холдингтің халықаралық нарықтардағы позицияларын нығайту және серіктестік қатынастарды дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиясына сәйкес келеді», – делінген «Бәйтерек» хабарламасында.

ICBC – Қытай мен әлемдегі ең ірі коммерциялық банк. Ол Қытайдағы төрт ең ірі банк тобына кіреді.

Айта кететін жайт, 2024 жылы «Бәйтерек» холдингі 416 млрд теңге таза пайда тапқан болатын.

Сондай-ақ оқыңыз