Қарағанды қаласы мемлекеттік кірістер департаменті басқармаларының басшылары сотталды

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармаларының басшылары М.Ақбиев, Б.Мұқашев сотталды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, сыртқы экономикалық қызмет субъектілері де, атап айтқанда, А. Балатская, Х.Бекішев, Н.Бекшин және И.Андриенко да жазаға тартылған. Олар сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс үшін айыпталды.
Пара алу дерегі
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қоғамда заңдылық пен тәртіп принципін қамтамасыз етуге ерекше назар аударады», – делінген агенттік хабарласында.
Агенттік мәліметінше, аталған қызметкерлер кәсіпкерлерден бірнеше рет пара алған. Есесіне, кедендік бақылау саласында жасалған заң бұзушылықтарға көз жұма қарап келген. Әкімшілік жауапкершілікке тартпауды алға тартып, қалтасын толтырып отырған. Сот осы ісі үшін Қарағанды шенділерді кінәлі деп таныды.
Миллиондаған айыппұлдар
Сыртқы экономикалық қызмет субъектілері миллиондаған теңге көлемінде айыппұл салынды. Мәселен, Ақбиев және Мұқашев 21,7 миллион теңге және 2,5 миллион теңге мөлшерінде айыппұл арқалады.
Осы үкіммен пара бергендер Қарағанды тұрғындары А. Балатская, Х.Бекішев, Н.Бекшин және И.Андриенко да үкім бойынша, 540 мыңнан 3 миллион теңгеге дейінгі айыппұл төлейді.
Сонымен қатар, сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде өмір бойы лауазымдар атқаруға тыйым салынды.
Айыппұл төленбесе, түрмеге отырады
Бұл айыппұл дер кезінде толық төленбесе, айыптылар абақтыға қамалуы ықтимал.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 41-бабына сәйкес, айыппұлды белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда жазаның бұл түрі бас бостандығынан айырумен ауыстырылады», – деп хабарлайды антикор.
Сот актісі заңды күшіне енді. Қарағанды шенділері жазасын жеңілдету үшін айыппұл төлеп құтылуды жөн көретіні анық.
Мұның алдында Ұлытау облысының мәдениет басқармасының басшысы сотталған болатын.