Ұлттық құрылтай туралы не білеміз

Жарияланды
Ұлттық Құрылтай – Президент жанындағы кеңесші орган. /Фото: akorda.kz
Ұлттық Құрылтай – Президент жанындағы кеңесші орган /Фото: akorda.kz

Биыл Ұлттық Құрылтай Бурабайда өтеді. Бірақ қай күндері өтері әлі нақты белгіленген жоқ. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында жария еткен болатын. Ол елдің дамуына қатысты жоспарын жарияламақ.

Құрылтай не үшін құрылды?

Ұлттық құрылтай 2022 жылы маусымда Президенттің жарлығымен құрылған еді. Оның баламасы болған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылды.

Ұлттық Құрылтай –  Президент жанындағы кеңесші орган. «Мақсаты – әлеуметтік консолидацияны дамыту идеялары мен нақты қадамдарды дайындау» деп жарияланды. Жылына бір мәрте немесе қажет кезінде өтуі тиіс.

Осы уақытқа дейін Түркістан, Атырау, Ұлытау қалаларында өтті.

Қарин Ұлттық құрылтай туралы

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин бұл екі органның арасындағы айырмашылық туралы қысқаша баяндап берген еді.

Оның сөзінше, жойылған органда әлеуметтік-экономикалық мәселелер, саяси реформа талқыланса, Ұлттық құрылтай жалпыұлттық құндылықтар аясында қоғам бірлігінің ұзақ мерзімді сипатына қатысты түйткілдерді талқылайтын алаңға айналуы тиіс.

Құрылтайдың ұтымды тұсы

Ұлттық Құрылтайдың ұтымды тұсы ретінде қоғам мен билік арасындағы тікелей диалог жүреді. Қоғам өкілдері түйткілдерді айқындап, бір тоқтамға келіп, шешімдерді билікке ұсына алады. Қоғамдық ой-пікір айтылып, демократияның нышандарының сипаты көрінеді. Жиында экономистер, сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері пікірін ашық айтады.

Кемшіліктері неде?

Құрылтай жұмысына көңілі толмайтындардың пікірінше, құрылтай – еліміздегі саяси күштердің басын қосатын іргелі ұйым емес. Мұндай қосымша құрылымның құрылуы – Парламент пен қоғамдық кеңестердің халықтың сенімінен шыға алмай отырғанын көрсетсе керек.

Осы тақілеттес ұйым – Ұлттық кеңес нәтиже берген емес.

Бір қарағанда, тек атауы мен мақсаты аздап өзгергендей әсер қалдырады. Осы уақытқа дейін өткен бас қосуларға қарағанда, Ұлттық Құрылтай популизм мен өзектілік тұздығы қосылған, дабырасы басымдау бас қосуларды еске түсіреді.

Әлемдік тәжірибе

Қазақстандағы Ұлттық құрылтайға ұқсас кеңесші орган Қырғызстанда құрылды. Ол «Халықтық құрылтай» деп аталады. Алғашқы жиыны 2023 жылы желтоқсан айында өтті.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың пікірінше, бұл жиын – билік өкілдерінің жұмысына халықтық бақылау орнататын тиімді тетік.

Бірақ ел оппозициясы «құрылтай құрудың мақсаты – биліктің өз шешімдерін өткізіп, азаматтық қоғамды түбегейлі жығу» деп біледі.

Тіпті «Халықтық құрылтай мемлекетке авторитарлық мәртебесін бекітуге көмектеседі» деп есептейтіндер де аз емес.

Құрылтайға кімдер қатысады?

Тоқаев оның құрамын 117 адам деп бекіткен болатын. Ұлттық құрылтайға барлық облыстың, сан алуан салалардың, буын өкілдерінің қатысуы қамтамасыз етіліп отыр. Құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдардың, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері де ат салысады. Сонымен қатар аймақтардағы қоғамдық кеңестердің мүшелері де қатысады.

Құрамы қалай өзгерді?

Ақорда ұлттық құрылтайдың құрамында ауыс-түйіс жасалды. Атап айтқанда, құрылтай құрамына бірсыпыра жаңа адамдар қосылды.

Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Зүлфия Байсақова,  Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай, Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев, қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов, Жетісу облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Дания Қыдырбаева тізімге кірді. Ал Т. Керімқұлов, А. Ерниязова, Н. Қоянбаев пен С. Досжанова құрамнан шықты.

Құрылтайдың тарихы

Құрылтай  түркі-моңғол мемлекеттерінің тарихында елдің өмірінің маңызды мәселелерін талқылайтын кеңес болды. Қазақ хандығында мемлекеттің деңгейдегі мәселелер құрылтайларда талқыланды. Онда хан сайлау, жер бөлісу, жорық, әскер басын тағайындау секілді келелі мәселелер өз шешімін тауып отырды.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Тоқаев ұлттың келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарды атаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз