Баға тағы да өсті. Инфляция ақпанда 9,4%-ға жетті

2025 жылғы ақпанда Қазақстандағы инфляция тағы да қарқын алды. Жылдық көрсеткіш 9,4%-ға жетті (қаңтарда 8,9% ). Айлық инфляция да өсіп, 1,5%-ды құрады (қаңтарда 1,1%) деп хабарлайды ұлттық статистика бюросы.
2025 жылғы ақпанда ақылы қызметтердің бағасы бір жылда 14,1%-ға өсті (қаңтарда 13,8% болған). Азық-түлікке жатпайтын тауарлар 8,7%-ға (қаңтарда 8,4%), ал азық-түлік өнімдері 6,5%-ға (қаңтарда 5,8%) қымбаттады.
Баға қалай өсті?
2024 жылғы ақпанмен салыстырғанда коммуналдық қызмет тарифтері айтарлықтай өсті. Суық су 70,7%-ға, электр энергиясы 21%-ға, орталық жылу жүйесі 18,2%-ға, кәріз қызметі 17,3%-ға, ыстық су 14,5%-ға, тарату желілері арқылы жеткізілетін газ 13,2%-ға, қоқыс шығару 11,1%-ға қымбаттады.
Сонымен қатар демалыс орындарының қызметтері 34%-ға, байланыс қызметтері 14,3%-ға, шаштараз және басқа да жеке қызмет көрсету орындарының бағасы 12,3%-ға, денсаулық сақтау саласы 11,8%-ға, қоғамдық тамақтану 10,8%-ға, автокөліктерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету 10,5%-ға, спорт және демалыс қызметтері 9,8%-ға қымбаттаған.
Көлік қызметтерінен теміржол билеттері 20%-ға, әуе билеттері 12,5%-ға, қоғамдық көлікпен жүру ақысы 10,5%-ға өсті. Тұрғын үй жалдау ақысы 16,5%-ға артты.
Тауарлар арасында ең үлкен өсім аудио-визуалды техникаларда (42,3%), зергерлік бұйымдар мен сағаттарда (24,4%), жаңа отандық автокөліктерде (18,9%), кілемдер мен еден жабындарында (13%), киім-кешек пен аяқ киімде (10,9%), жиһаз бен тұрмыстық заттарда (10,5%) байқалды. Баллондағы сұйытылған газ 20,5%-ға, отын (отын ағашы) 14,8%-ға қымбаттады.
Азық түлік бағасының өсімі қандай?
Азық-түлік бағасы да көтерілді: картоп 62,1%-ға, пияз 27,3%-ға, қырыққабат 20,2%-ға, минералды және ауыз су 17%-ға, кондитерлік өнімдер 14,2%-ға, алкоголь және темекі өнімдері 13%-ға, газдалған сусындар 12,6%-ға, балық консервілері 12,5%-ға, сары май 12,2%-ға, жеміс-көкөніс шырындары 10,6%-ға қымбаттаған.
Бағасы түскен өнімдер: қарақұмық жармасы (20,4%-ға), сәбіз (6,6%-ға), күріш (5,7%-ға), жұмыртқа (5,3%-ға).
Өңірлер бойынша 2025 жылғы ақпанда инфляция республикалық орташа деңгейден жоғары болған 8 аймақ тіркелді. Ең жоғары инфляция Астанада (12,7%), Ақмола облысында (10,7%) және Батыс Қазақстан облысында (10,5%) байқалды.
Құнсыздану бұдан әрі өсе беретін тәрізді. Бұған дейін экономика министрі Серік Жұманғарин 12%-ға дейін жетуі мүмкін деген еді.
Сарапшылар қосылған құн салығы көтерілсе (ҚҚС), инфляция одан әрі өсуі мүмкін дегенді айтады. Қазір Ұлттық экономика министрлігінің ұсынысымен ҚҚС 16%-ға көтеру туралы ұсынысы Мәжілістің қарауына жіберілді.