Рақышевтың компаниясы нарықтан 20 млн доллар қаржы тартпақ

Жарияланды
Кеңес Рақышев компаниясы нарыққа облигацияларын шығарады / Фото: коллаж KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кеңес Рақышевқа тиесілі Fincraft Group компаниясы нарықтан 20 млн доллар қарыз алмақ. Ол үшін бір жылдық купондық облигациялар шығарылымын дайындап жатыр. Бұл жайлы KASE-нің сайтында жазылған.

Құнды қағаздар бір жылға жетпейтін уақытқа беріледі.

«Серіктестіктің 20 000 000 (жиырма миллион) АҚШ доллары сомасындағы айналыс мерзімі 12 айдан аспайтын қамтамасыз етілмеген купондық облигацияларды тіркеуі мен шығаруы бекітілсін», – деп жазылған құжатта.

Әзірге бұл қаржыны қандай мақсатқа жұмсайтыны белгісіз. Бірақ мұнай-газ секторындағы жобаларын дамыту деген мақсатта болуы мүмкін.

Бұған дейін қаңтарда «Fincraft Group» ЖШС Қазақстан қор биржасында «коммерциялық облигациялар» санаты бойынша листингтен өткені жайлы жазғанбыз. Яғни компания бір жыл ішінде нарыққа бағалы қағаздарын шығармақшы.

Облигациялар 11,00% мөлшерлемемен бір жылға орналастырады. Бір қағазды 100 долларға бағалап, Рақышев компаниясы нарықтан 10 млн доллар алмақшы.

«Облигациялар листинг процедурасынан өтті, бір жыл ішінде орналастыру жоспарланған. Нарықтан тартқан қаржы инвестициялық жобалар мен компания дамуына, оның ішінде мұнай-газ секторындағы жобаларға жұмсалады», – деп түсіндірген еді сонда Fincraft Group баспасөз қызметі.

«Fincraft Group» – көппрофильді холдинг. Негізін қалаушы әрі акционері – Кеңес Рақышев. Компания көмірсутегі шикізатын өндіру, металл өндіру және өңдеу, стресс активтерді басқару, білім беру тәрізді бірнеше бағытта жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз