
АҚШ президенті Дональд Трамптың мемлекеттік криптовалюта қорын құру деген жоспары бар. Truth Social желісінде криптовалюта бойынша жұмыс тобы цифрлық активтердің стратегиялық резервін жасауға кірісу керек деген тапсырмасын жазды. Бұл резервке Solana (SOL), Ripple компаниясының XRP және Cardano (ADA) криптовалюталары да қосылады.
«АҚШ-тың криптовалюта қоры бұл маңызды саланы Байден әкімшілігінің жылдар бойғы жемқорлық шабуылдарынан кейін нығайтады», – деп жазды Трамп.
Оның сөзінше, осы арқылы АҚШ-ты «әлемнің криптовалюта орталығына» айналдырғысы келеді. Мұндай мәлімдемеден кейін Трамп атаған үш криптовалюта бірден қымбаттады – бағалары 10-35%-ға өсті.
Жаңалық шыққан соң, биткоиннің де құны күрт көтерілді. Бар болғаны бірнеше сағаттың ішінде BTC бағасы 8 700 долларға, яғни 10,25%-ға артты. Трамптың мәлімдемесіне дейін биткоин шамамен 85 мың доллар тұрса, жаңалықтан кейін оның бағасы 94 334 долларға жетті. Binance.com дерегі бойынша, бағасы бір күнде 8%-ға өскен.
Криптовалюта нарығын дамыту – Трамптың президенттік кампаниясы кезінде берген уәделерінің бірі. Оның командасы президент әкімшілігі жанынан криптонарыққа жауапты құрылым ашу туралы былтыр күзде айтқан. Ал жазда Bitcoin және Сryptocurrency тәрізді компаниялардың басшыларымен кездескен.
Тіпті өзі $TRUMP атты криптовалютасын шығарған. Қазір ол binance.com платформасында 16 доллардан саудаланып жатыр.