Қытай базарындағы бәсеке: BYD автогиганты Geely мен Xiaomi-ді тағы шаң қаптырды

Жарияланды 3 Наурыз 2025 11:09

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Қытай автонарығында бәсеке күшті, алайда BYD автогигантына ешкім жете алмай жүр / фото: shutterstock

Қытайда ең көп сатылатын BYD автомобиль бренді 2025 жылғы ақпан айында да сауда нарығында көш бастады. Ал оның қарсыластары орнында қалды немесе кері сырғыды деп жазды Bloomberg.

BYD басты қарсыласы Geely-ді жеткізер емес

BYD өткен айда 318 мыңнан аса электрокар мен гибрид автокөлігін сатты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 161%-ға көп, қаңтардағы нәтижеден де жоғары.

Автоөндіруші ақпанда 67 025 көлікті шетелге сатып, Қытай автонарығында тағы бір рекорд орнатты.

Ал автогиганттың ішкі нарықтағы басты қарсыласы – Geely Automobile Holdings Ltd өткен айда шамамен 205 мың автомобиль сатқан. Бұл қаңтардағы нәтижеден төмен көрсеткіш, бірақ бір жыл бұрынғысынан 84%-ға жоғары.

Xiaomi-ның қымбат көліктері

Электромобиль өндірісін енді ғана бастаған Xpeng Inc., Li Auto Inc. және Nio Inc. компаниялары ақпан айында қаңтардағы нәтижелерін қайталады.

Бұл уақытта смартфон өндіруші Xiaomi Corp. автобазарда да айтарлықтай табыс тауып отыр. Корпорация ақпан айында да, алдынғы бес айдағыдай, 20 мыңнан аса SU7 маркалы автокөлік сатқанын мәлімдеді.

Бұған қоса корпорация жұма, 28 ақпан күні, жоғары санаттағы SU7 Ultra EV автомобилін алғы келетіндерден екі сағаттың ішінде 10 мыңнан аса алдын ала тапсырыс түскенін жариялады.

SU7 маркалы ең қымбат модель 529 900 юань (72 800 доллар) тұрады.

SU7 маркалы ең қымбат модель 73 мың доллар тұрады / фото: shutterstock

Дүйсенбі күні Geely автокөлік жүргізушіге көмектесетін жаңа функцияларын таныстыруды көздеп отыр.

Осының алдында Kursiv.Media қытайлық BYD электромобиль өндіруші енді көліктерінің бәріне, тіпті арзандарына да жетілдірілген автономды басқару жүйесін енгізгелі жатқанын жазды. Автономды жүйе «Құдайдың көзі» деп аталады.

Өткен аптада Қытайдың Chery компаниясы Қазақстанға екі жаңа өнімін сатуға жібергелі жатқанын ресми түрде растаған. 2025 жылғы қаңтарда Қазақстанда 700-ден аса Chery автомобилі сатылды. Бренд отандық автонарықта сатылу көрсеткіші бойынша төртінші орында тұр.

Қазақстанда қытай автомобильдерін, соның ішінде Chery құрастыратын зауыт биыл жазға дейін іске қосылады.

Сондай-ақ оқыңыз