Prada шамамен 1,5 млрд еуроға Versace брендін сатып алады

Жарияланды 3 Наурыз 2025 12:44

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Италиядағы ең танымал брендтер бірігуі мүмкін / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Италияда ең танымал екі бренд біріккелі жатыр: Prada шамамен 1,5 млрд еуроға Versace брендін сатып алуды көздейді. Шартқа қол қоятын күн жақын.

Prada+Versace

Миландағы Prada бренді Capri Holdings-ке тиесілі Versace үшін таласта алға шықты деп жазды Financial Times. Тараптар ортақ келісімге келе алса, Италия люкс модасындағы ең танымал брендтер бірігеді. Бірнеше айға созылған келіссөздер аяқталуға жақын.

«Бірнеше аптаның ішінде» қос компания келісімшартқа отыруы мүмкін деп хабарлайды FT дереккөздері.

Сән нарығымен жақын таныс адамдардың айтуынша, Capri бастапқыда танымал бренд үшін 3 млрд евро сұраған, сол себепті Versace-ді сатып алуға мүдделі топтармен арадағы келіссөз ұзаққа созылып кеткен. Дереккөздер мәліметінше, миландық бренд бағасы мен сауда шарттары кез келген уақытта өзгеріп шыға келуі мүмкін.

Prada 2024 жылдың қорытындысын сейсенбі, 4 наурыз күні, жариялауды көздеп отыр.

Джанни Версаче негізін қалаған бренд жеті жыл бұрын ғана сатылған / фото: versace.ru, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қолдан қолға өткен бренд

Өткен аптада Миланда сән үлгілерін таныстыру кезінде Prada акцияларының бақылау пакетіне ие Миучча Прада «бәрі Versace-ге көз тігіп отыр» деп мәлімдеп, сауда келісімі туралы алғаш рет көпшілік алдында пікір білдірді.

Марқұм Джанни Версаче негізін қалаған миландық люкс брендін 2018 жылы Capri сатып алған. Ол Versace үшін 1,85 млрд еуро төлеп, қарыздарын жауып беруге келіскен.

Бас кеңсесі Нью-Йоркте орналасқан Capri компаниясы біраз уақыттан бері осы брендті сата алмай жүр. 2024 жылғы қазанда америкалық сот Capri мен Tapestry-дің бірігуіне рұқсат бермеді. Бұлар қосылса, жалпы құны 8,5 млрд долларға жетер еді. Содан кейін америкалық компания басқа да үміткерлермен келіссөз жүргізе бастады.

Prada бірнеше брендке ие. Олардың арасында Miu Miu да бар / фото: prada.com, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Prada — Италияда люкс санатындағы киім шығарушы ірі компаниялар тобы. Сала нарығындағы көрсеткіштер бәсеңдегеніне қарамастан, бұл топ Miu Miu брендінің сәтті таралуы арқасында әжептәуір табыс тапты. Бұған қоса Prada ағылшынның Church’s аяқ киім лейблына ие.

Сондай-ақ оқыңыз