Оджалан үндеуі Таяу Шығыста жарты ғасырға созылған күрдтер бүлігін баса ала ма

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
27 ақпанда Түркияның Диярбәкір қаласындағы митингіде халық Абдулла Оджалан суретін ұстап шықты / фото: REUTERS/Sertac Kayar

Таяу Шығыста жарты ғасырдан бері шешілмей келе жатқан ең күрделі бүліктердің бірі аяқталуы мүмкін. Абдулла Оджалан Күрдістан жұмысшылар партиясының мүшелерінен қаруды тапсырып, қозғалысты тарқатуға сұрады.

Күрд содырлары ондаған жылдар бойы Түркияның оңтүстік-шығысында тәуелсіздік алу үшін үздіксіз күрес жүргізіп келе жатыр. Бітіспес бүлік 40 мыңнан аса адамның өмірін жалмап, Түркиядан тыс Иран, Ирак және Сирияға тарады деп хабарлайды CNN.

Этникалық күрдтер Түркияның оңтүстік-шығысында көп шоғырланған / фото: REUTERS/Sertac Kayar

Күрдтердің көптен бері түрмеде отырған көсемі Абдулла Оджалан өткен аптада қозғалыс мүшелеріне үндеу тастады. Түркияның оңтүстік-шығысында этникалық күрдтер көп шоғырланған өңір халқы құлақ асса, бүкіл Таяу Шығыс үшін елеулі оқиғаға айналар еді. Неге?

Бүлік қашан басталды

Күрдістан жұмысшылар партиясы (КДП) мен Түркия арасындағы жанжал көрші елдерге де қасірет әкелді. Қозғалыс өкілдері Түркияда тәуелсіз күрд мемлекетін құруға талпынды, алайда кейінгі уақытта ел ішіндегі кең автономияға жиі үндеп жүр.

Оджалан бүлікшілер күшінің саяси партиясын 1978 жылы құрған. 1984 жылғы тамызда КЖП-ның содырлары екі түрік сарбазын өлтіріп, соңы қантөгіске ұласқан. Жылдар өткен сайын жанжал одан сайын шиеленісіп, қақтығыс құрбандары артты.

Minority Rights Group International мәліметінше, күрдтер Түркия халқының шамамен 15-20%-на жетеғабыл этникалық ірі аз ұлт. Олар Сирияның, Ирак пен Иранның солтүстік өңірлерін де мекендейді.

Түркия билігі партия мүшелерін, саясаткерлер мен белсенділерді қудалап келеді. АҚШ, Еуропа одағы және Түркия КДП-ны террористік топқа жатқызады.

Оджаланның кезекті үндеуі

Оджалан 1999 жылы Кенияда ұсталып, өмір бойы түрме жазасына кесілді. Бүлікшілер көсемі ұзақ жылдар бойы Имрәли түрмесінде жалғыз отырды. Ол Мәрмәр теңізінде Алькатрасқа ұқсас аралда орналасқан.

Түркия КЖП-мен ымыраға келу әрекетін 2013 жылы бастаған, ал екі жылдан соң Оржалан жақтастарына қаруды тапсыру жөнінде үндеу тастаған. Алайда ымыра бірнеше ай ғана созылып, тараптар қантөгісті қайта бастады.

Түркияны жиырма жылдан аса уақыт билеп отырған Режеп Тайип Ердоған 2028 жылы үшінші мәрте сайлауға түсу үшін конституцияны өзгерткісі келеді. Ол үшін парламенттің үштен екісінің дауысы қажет болады.

Сарапшылардың пікірінше, президентке билікте қалу үшін күрдтер демпартиясының қолдауы қажет. Себебі демократиялық партия парламентте үшінші ірі саяси ұйым. Партия өкілдері Оджаланның түрмеде отырып жазған тағы бір үндеуін оқып берді.

Ердоған билігі мен күрдтер мүддесі

«Ердоғанның билік басындағы альянсы конституция өзгеріс енгізу үшін күрдтердің демпартиясын өз жағына тартуы мүмкін. Күрдтердің саяси ұйымы президент өкілетін созып қана қоймай, күрдтерге көбірек құқық алып беруі ғажап емес», – дейді International Crisis Group сараптама орталығының Түркия жөніндегі маманы Беркай Мандираджи CNN телеарнасына. Бұл орталық Брюссельде орналасқан.

Ыстанбұлдағы Бейкоз университетінің процессоры Ахмет Қасым Ханның айтуынша, күрдтер мүддесін көздейтін партия кең құқыққа ие болу үшін конституцияны өзгертуді талап етіп келеді.

Сарапшылардың пікірінше, Ердоғанды қолдайтын Ұлттық қозғалыс партиясы да кейінгі уақытта бейбіт әрекетті насихаттауға көшкен. ҰҚП жетекшісі Девлет Бахчели түрмедегі Ождаланды парламентке шақырып, «қаруды тапсырғанын мәлімдесін» деген.

«Ердоғанның жанжалды аяқтау әрекетінен ештеңе шықпайды. Оның мақсаты – демократиялық реформа емес, билікті өмір бойы ұстап тұру. Оджалан мен күрдтер билігін созғаны үшін не алатынын жақында білеміз», – дейді Вашингтондағы Таяу Шығыс институтының аға ғылыми қызметкері Генул Тол.

Сондай-ақ оқыңыз