Эдуард Огай мыс, алтын, көмір сынды кен байлықтарынан қанша пайда тапты

Эдуард Огай –дәулеті 800 млн АҚШ долларға жуықтайтын Қазақстандағы ең бай кәспкерлердің бірі. Олигарх елдегі ең ірі мыс өндіруші Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг) ЖШС директорлар кеңесінің және «Қазақмыс «корпорациясы» ЖШС басқармасының төрағасы. Бұдан бөлек, алтын мен көмірден де қомақты табыс тауып отыр.
Өмірбаян
Эдуард Викторович Огай 1969 жылы 18 қазанда Алматыда дүниеге келген.
1998 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «экономист-менеджер» мамандығы бойынша бітірген.
Жұбайы: Марина Владимировна Огай (Пак). Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар.
Миллардердің жеке өмірі жайлы ақпараттар шектеулі. Ол отбасына қатысты өмірін көпшілікке жариялай бермейді.
Эдуард Огай бизнеске қалай келді?
1992 жылы Эдуард Огай кәсіпкерлік қызметпен айналыса бастайды. 1996-1997 жылдар аралығында ол «Қазресурс» АҚ-ның президенті қызметін атқарады. 1997-2001 жылдары «Петроказ» ЖШС директоры болып жұмыс істеді.
2001 жылдың наурызында Эдуард Огай «Қазақмыс» корпорациясына атқарушы директор ретінде тағайындалады. 2005 жылы ол компаниядан кетіп, мелмекеттік қызметке бет бұрады. Нақтырақ айтсақ Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалады.
Алайда мемлекеттік қызметтегі жұмысы ұзаққа созылмады, 2006 жылдың қаңтарында Огай «Қазақмыс» компаниясына қайта оралып, корпоративтік даму директоры болып тағайындалады. Ал 2006 жылдың тамызында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы болды.

Қандай компанияларда активтерге тікелей иелік етеді?
«Kazakhmys Holding»ЖШС: тау-кен өнеркәсібіндегі активтерге иелік ететін холдингтік компания. Огай компанияның серіктесі әрі директорлар кеңесінің төрағасы.
«Kazakhmys Copper» АҚ: «Қазахмыс корпорациясы» ЖШС кіретін компания. Огай 30% акциясына ие және директорлар кеңесінің мүшесі.
«Kazakhmys Coal»ЖШС: көмір өндірумен айналысатын компания. Огай Kazakhmys Holding Limited арқылы 30% акциясына ие.
«Қаражыра»АҚ : Абай облысындағы Қаражыра көмір кен орнын игерумен айналысатын компания. Огай балаларымен бірге компанияның басты иесі (70% акция).
Эдуард Огайдың капиталы қалай өсті?
2012 жыл – $61 млн. Бұл кезеңде Эдуард Огай Kazakhmys PLC директорлар кеңесінің атқарушы директоры қызметін атқарды. Ол компанияның 3,8 мың қарапайым акциясына ие болды.
2014 жыл – «Қазақмыс» қайта құрылымдалғаннан кейін компания акциялары Қазақстан қор биржасында 9,9%-ға, ал Лондон биржасында 8,2%-ға өсті. Владимир Кимнің (Қазақстандағы ең бай бизнесмендердің бірі) кіші серіктесі ретінде Огай Cuprum Holding арқылы активтерін ұлғайтуды жалғастырды. Ол «Қазахмыстың» Қарағанды, Жезқазған және Балқаш өндірістік нысандарында үлеске ие болды.
2019 жыл – Огай «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы қызметіне қайта оралды. Ол компанияның 30%-ын және «Қаражыра» мен «Қазақалтын» АҚ-дағы үлестерін иеленді.
2020 жыл – Огайдың байлығы $228 млн-ға жетті. Ол «Қазахмыстағы» 30% және «Қаражырадағы» 20,1% үлестерін сақтап қалды. Сонымен қатар, «Kazakhmys Copper» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Дәл осы жылы ол «Қазақалтын» акционерлік қоғамындағы үлесінен бас тартты.
2021 жыл – Огайдың капиталы $416 млн-ға дейін өсті. Ол «Қазақмыс» пен «Қаражырадағы» үлестерін сақтап қалды.
2022 жыл – Оның байлығы $583 млн деп бағаланды. Ол «Қазақмыс» бас кеңселерін жаңадан құрылған Ұлытау облысына көшіру процесіне қатысты және өңірдегі әлеуметтік жобаларды қаржыландырды.
2023 жыл – Огайдың дәулеті $750 млн-ға жетті. Миллиардер Kazakhmys Holding және Kazakhmys Copper компанияларында негізгі басшылық лауазымдарды атқара отырып, «Қаражыра» АҚ-ның 70%-ын бақылауға алды және «Вираж Сервис Караганда» компаниясының жалғыз иесіне айналды.
2024 жыл – Эдуард Огайдың капиталы $800 млн-ға жетті. Огай Kazakhmys Holding және Kazakhmys Copper компанияларындағы үлестерін сақтап, Абай облысындағы «Қаражыра» көмір кен орнының қомақты бөлігін бақылауын жалғастыруда.
Forbes Kazakhstan-ның 2024 жылы ұсынған дерегіне сенсек, Огай Қазақстандағы ең бай 75 бизнесмендердің тізімінде 13 орынға жайғасқан. Ал ең ықпалды 50 кәсіпкердің ішінде 11 орында тұр.
Лос-Анджелестегі элиталық вилласы
2014 жылы Эдуард Огай Лос-Анджелестегі беделді Беверли Парк ауданынан $40 млн-ға зәулім сарай сатып алды. Кейін ол бұл жылжымайтын мүлікті екі бөлек учаскеге бөліп, 2023 жылы сату үшін нарыққа шығарды. Сарайлардың жалпы құны шамамен $58 млн деп бағаланған.
5,2 акр аумақта орналасқан бұл жылжымайтын мүлік ең жоғары деңгейдегі сән-салтанатпен жабдықталған: бассейндер, SPA-орталықтар, кинотеатрлар, шарап жертөлелері және басқа да эксклюзивті нысандар бар. Огайдың көршілері арасында әйгілі актерлер Сильвестр Сталлоне және Эдди Мерфи болған.