
Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжілістегі бір топ депутаттың ауылдар жаппай жабылып жатқаны туралы сауалына жауап берді.
Депутат дерегі
Ринат Заитов бастаған бір топ депутат ауыл жайын қозғап, Үкімет басшысының атына сауал жолдаған. Заитов сауалында соңғы 5 жылда елде 1500-ге тарта ауыл жойылып кеткенін айтқан.
«Соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалды. 2024 жылдың өзінде-ақ СҚО-да 141 ауыл мәртебесінен айырылған», – дейді депутат.
Бектеновтің жауабы
Үкімет басшысының жауабында жабылған ауылдар депутат келтірген деректерден он есеге аз екені айтылған.
«Соңғы 5 жылда ауылдық елдімекен саны 194 бірлікке азайды (6341-ден 6 147-ге дейін), оның ішінде ШҚО-да 13 АЕМ, СҚО-да 45 АЕМ, ал Павлодар облысында жабылған ауыл жоқ«, – дейді Бектенов.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елде 6 147 ауылдық елдімекен бар, оларда 7,5 млн адам тұрады, бұл жалпы халық санының 37 %-ын құрайды.
Қандай ауылдар жабылады
Бектенов жергілікті әкімдіктер негізінен тұрғындар саны 50 адамнан аз ауылдарды жабу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді. Тұрғындар ауылдарында қалса да, көшу үшін мемлекеттік қолдау, оның ішінде тұрғын үй беру және жұмысқа орналастыру мүмкіндігін пайдаланса да болады.
Ауылдар неге жабылып жатыр
Бектенов ауылдардың жабылу себебін инфрақұрылымдық, ғылыми-техникалық, индустриялық және өндірістік прогресс әсерінен туындаған ғаламдық урбанизациямен байланыстырады.
Бұған дейін Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков ауылдарды дамытуға түрлі бағдарламалар арқылы жылына 1 трлн теңге бөлінетінін мәлім еткен.