
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин жалақы мәселесі туралы сұраққа жауап берді.
Журналистер Қарағойшиннен «ұлттық компания қызметкерлері көп жалақы ала тұра, мемлекетке келтірер пайдасы аз» деген пікірге байланысты жауап беруді сұрады.
Қарағойшин ұлттық компаниялар үлкен ресурстарға иелік еткендіктен, салық төлеушілерде мұндай ой туу түсінікті екенін атап өтіп, жалақы мәселесін ашық айта алмайтынын жеткізді. Оның сөзінше, қазіргі қызметіне қарағанда жеке секторда көбірек табыс тапқан.
«Мен жекеменшік сектордан келген кезде табысым екі есеге қысқарды. Ұлттық компанияларда жалақы деңгейі коммерциялық сектордан жоғары деп айта алмаймын. Өкінішке қарай, нақты сандарды да атай алмаймын, себебі бұл көрсеткіштер арнайы қаулылармен реттеледі», – деді Қарағойшин.
«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы қызметкерлерді ынталандыруға арналған 6 жалақы мөлшерін құрайтын сыйақы барын атап өтті.
«Ол сыйақыны алу үшін қызметкер мінсіз болуға тиіс. Кешікпеуі керек. Мемлекет қойған міндеттерді толық орындауы керек», – дейді ол.
Бұған дейін ол холдинг жанынан ірі бизнес жобаларға арналған кепілдік беру қоры құрылатынын мәлім еткен.
Холдинг былтыр 416 млрд теңге таза пайда тапқан.