
«Болашақ» бағдарламасы бойынша іріктеуге қатысуға құжат қабылдау жүріп жатыр. Құжат жарты жыл бойы қабылданып, 17 қазанда аяқталады.
Конкурстық іріктеу 2025 жылғы 1 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді. Құжат egov.kz порталы арқылы қабылданады.
Басым мамандықтар мен квоталар
Шетелде кадрлар даярлау кезінде инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға басымдық беріледі.
2025 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша 645 стипендия бөлінді. Оның ішінде магистратура бағдарламасына – 411 стипендия, докторантура/резидентураға – 41 стипендия, тағылымдамалар бойынша – 193 стипендия бар.
«Болашақ» бағдарламасы шеңберінде стипендия тағайындау үшін төмендегідей квота санаттары көзделген:
- инженерлік-техникалық қызметкерлер;
- медицина қызметкерлері;
- ауылдық елдімекеннен шыққан үміткерлер;
- мемлекеттік қызметшілер.
Тағылымдамадан өту
Бұған қоса, 2025 жылға «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту үшін қызметкерлердің төмендегідей санаттарын бекітті:
- инженерлік-техникалық қызметкерлер, агроөнеркәсіптік кешен саласының қызметкерлері, жасанды интеллект бойынша мамандар;
- мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері мен қызметкерлері;
- медицина қызметкерлері;
- мемлекеттік қызметшілер;
- бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері;
- мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері;
- судья және сот қызметкерлері.
«Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша стипендия тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат қабылдау 3 наурызда басталып 31 қазанда аяқталады.
Конкурстық іріктеу 2025 жылғы 1 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді.
Биыл шетелде кадрлар даярлау кезінде инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға басымдық беріледі.
Ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы бойынша 2025 жылға 250 стипендия бөлінген.
Бұған дейін, Болашақ бағдарламасына іріктеу қағидалары өзгергенін хабарлағанбыз.