Жаңалықтар

Хабар арнасы телехикаяда Назарбаевтың портреті неге бұлыңғырланғанын түсіндірді

Тоғысқан тағдырлар
Тоғысқан тағдырлар

«Хабар» телеарнасы «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясының Youtube-те жарияланған нұсқасында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті бұлыңғырланғанына байланысты пікір білдірді деп хабарлады BES.media сайты.

Мән-жайы

90-жылдардың аяғында түсіріліп, кең танымалдыққа ие болған «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясы үш апта бұрын Youtube хостингіне жариялана бастады. Көрермендер телехикаяның 20-бөліміндегі сахналардың бірінде қабырғада ілулі тұрған Назарбаевтың портреті бұлыңғырланғанын байқаған.

Арна пікірі

Телеарна жағдайды «техникалық қате» ретінде түсіндірді.

«20-серияны цифрландыру кезінде техникалық қателік кеткен, ол жедел түрде түзетілді. Біз бұл техникалық ақауға назар аударған көрермендерге ризамыз», – деп мәлімдеген телеарнаның баспасөз қызметі BES.media тілшісінің сауалына.

Баспасөз қызметі түзетілген нұсқа Youtube-ке жүктелгенін жеткізген.

Телехикая туралы

«Тоғысқан тағдырлар» (Перекрёсток) 90-жылдары экранға шыққан телесериал. Ол қысқа уақытта Орталық Азиядағы ең танымал шоуға айналып, телеөнімді Қазақстан, Ресей, Өзбекстан және Қытайдада 60 миллион отбасы көрген. Телехикая 90-жылдардың қиын кезеңіндегі Алматы тұрғындарының өмірін көрсетеді. Жобаны Ұлыбритания үкіметінің посткеңестік елдерді нарықтық экономикаға бейімделуге көмектесу бағдарламасы қаржыландырған.

Назарбаевсыздандыру

Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев көпшілік алдына шығуын сиретіп, оның құрметіне қойылған ел астанасының бұрынғы атауы қайтарылды. Ресми медиада экс-президентті дәріптеу тыйылып, керісінше қоғамда бұрынғы президент пен отбасы мүшелерін ашық сынайтындар көбейді.

Саясаттанушылар мұны «Назарбаевсыздандыру» үрдісі ретінде сипаттап жүр. Назарбаевтар әулетіне тиесілі болған дүние-мүлік, жер иеліктері, түрлі нысандар мемлекетке қайтарылғаны туралы ақпараттар оқтын-оқтын шығып жатқанына қарағанда, үрдіс тоқтамағанға ұқсайды.

Бүгін ғана экс-президенттің ортаншы қызы Динара Құлыбаевға қатысы бар Қазақстан-Британ университеті мемлекетке қайтарылғаны жөнінде ақпарат шықты.