Жаңалықтар

Динара Құлыбаеваға тиесілі ірі университет мемлекет меншігіне өтті

Динара Құлыбаеваға
«Қазақстан-Британ техникалық» университеті мемлекет меншігіне өтті/Фото: shutterstock

Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаеваға тиесілі «Қазақстан-Британ техникалық университеті» (ҚБТУ) мемлекет меншігіне өтті. Қаржы есептілігі депозитарийінде жазылған ақпаратқа сәйкес, университеттің ендігі иесі – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы. Ал бұл компания ірі байлардың заңсыз иеленіп, мемлекетке қайтарған дүние-мүлікті басқарады.

Хабарламаға сәйкес, 27 ақпан күні білім ордасының акционерлері ауысқан. ҚБТУ-дың акционерлері қатарынан «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» шығып, орнына «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» енген.

Ал «Нұрсұлтан Назарбаев білім қорына» Динара Құлыбаева, Галина Самарская және Асқар Нұрпейісов иелік етеді.

Бұған дейін университет құрамындағы екі ірі институттың мемлекет меншігіне өткенін жазғанбыз.

Университеттің 2023 жылдың соңындағы соңғы қаржы есептілігіне сәйкесжалғыз акционері – «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім қоры». Оқу орны 2001 жылы құрылған. Алғашқы құрылтайшылары Білім және ғылым министрлігі, ҚБТУ-дың серіктестері Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігі мен Британ кеңесі болды. 2003 жылы университет «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының меншігіне өтеді.

Алайда 2018 жылы ҚМГ оны аукцион арқылы Назарбаев білім қорына сатқан. Қор университетті 11,3 млрд теңгеге сатып алған.