
Halyk Finance сарапшылары наурыз айында доллар бағамы 505-515 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін деген болжам жасайды. Олардың пікірінше, бұған бірнеше фактор әсер етеді. Соның арасында Ұлттық Банктің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) үшін қайтадан доллар сатып алуға кірісуі бар.
Ұлттық Банктің валюта нарығына қатысты есебіне сәйкес, наурыз айында Ұлттық қордан бюджетке шамамен 700-800 млн доллар сатылмақ. Бұған қоса, Ұлттық Банк экспорттан түскен 500 млн долларды да нарыққа шығарады. Бұл шара қаңтар айында теңгені қолдау мақсатында енгізілген еді.
Теңгені қолдау үшін тағы қандай шаралар қабылданады?
Былтыр жыл соңында квазимемлекеттік сектордағы компаниялар валюта түсімдерінің 50%-ын нарықта сатуға міндеттелген. Ақпанда олар 274 млн доллар сатқан, наурызда да осы көлем сақталуы мүмкін.
Жалпы алғанда, наурыз айында валюта нарығына 1,2-1,3 млрд доллар түседі деп күтілуде. Алайда,Ұлттық Банк зейнетақы қоры үшін нарықтан 250 млн доллар сатып алады.
Бұл доллар бағамына қалай әсер етеді?
Сарапшы Мадина Қабжалялованың айтуынша, наурызда Ұлттық Банктің валюта сатылымы ақпанмен салыстырғанда азаяды (1,1 млрд доллардан 1 млрд долларға дейін). Сондықтан теңге сәл әлсіреп, доллар бағамы 505-515 теңге шамасында қалыптасуы мүмкін.
Ақпан айында теңге неге нығайды?
Өткен айда ұлттық валюта 3,7%-ға күшейіп, 499,09 теңгеге жетті. Оған бірнеше фактор әсер еткен:
- 600 млн доллар – Ұлттық қордан сатылды
- 500 млн доллар – экспорттан түскен алтын есебінен сатылды
- 274 млн доллар – квазигоссектордың валюталық түсімі нарыққа шығарылды
- БЖЗҚ үшін доллар сатып алынбады, яғни нарықта ұсыныс көп болды
Қазір Қазақстан қор биржасында (KASE) доллардың орташа бағамы 499,74 теңге деңгейінде қалыптасты. Өткен айда ұлттық валюта рубльмен бірге нығайды.