
Президент кеңесшісі және «Қазақтелеком» АҚ-ның бұрынғы төрағасы Қуанышбек Есекеевтің жұбайы Мадина Бектұрғанова Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің (ХАТУ) 10%-дан астам акциясын қайтадан иеленген. Университеттің негізгі 85% үлесі – Динара Құлыбаеваға тиесілі «Нұрсұлтан Назарбаев білім қорының» меншігінде.
Қаржы есептілігі депозитарийінде жарияланған хабарламаға сәйкес, Мадина Бектұрғанова 7 ақпанда акционерлер қатарынан шығып, бір аптадан соң қайта кірген. Ол акционерлер қатарынан шыққан кезеңде университет иесі тек «Назарбаев білім қоры» болған.
Ал қазіргі кезде білім ордасының 10%-дан аса акциясына иелік ететін екі акционері бар: «Назарбаев білім қоры» мен Мадина Бектұрғанова.
Одан бөлек, университет 1 177 мың қарапайым акциясын сатылымға шығарып отыр. Акционерлер бұл шешімді 2024 жылдың соңында қабылдаған.
«Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті» АҚ-ның қаржы есебіне сәйкес, Бектұрғанова қоғамның 165 466 акциясына иелік етеді. Бұл компания акцияларының 10,00010274%-ын құрайды. 2022 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, ол дәл осындай акция санын иеленген және бұл көрсеткіш өзгеріссіз қалған. Ал 5%-ы Бауыржан Сағадиевке тиесілі.
Мадина Бектұрғанова – бұрын «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарған, қазіргі таңда Қазақстан президентінің кеңесшісі болып отырған Қуанышбек Есекеевтің жұбайы.
Бұған дейін Динара Құлыбаева Алматыдағы ірі оқу орнының бірі – «Қазақстан-Британ техникалық университетін» мемлекет меншігіне қайтарғанын жағанбыз.
Сонымен қатар университет меншігіндегі жанармай және химия институттары да мемлекет иелігіне өтті. Қазір оларды «Қайтарылған активтерді басқару» компаниясы басқарады.