Теңіз, Қарашығанақ және Хазар кен орындарына қанша инвестиция салынады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Теңіз
Қазақстан 2025 жылы 96,2 млн тонна мұнай өндірмек / Фото: shutterstock

Қазақстан 2025 жылы 96,2 млн тонна мұнай және газ конденсатын өндіруді жоспарлап отыр. Бұл 2024 жылғы көлемнен 9,7% артық. Оған Теңіз кен орнын кеңейту жобасының іске қосылуы себеп болмақ. Биыл осы жобаға салынатын инвестиция көлемі 533 млн долларды құрайды.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында Қарашығанақта шикі газды қайта айдау компрессорларын іске қосу жұмысы жалғасып жатқанын мәлімдеді. Бұл өндіріс деңгейін жылына 11-12 млн тонна деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. 2025 жылы бұл жобаға құйылатын инвестиция көлемі 144 миллион долларды құрайды.

Сонымен қатар «Қаламқас теңіз» және «Хазар» жобалары бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр. 2025 жылы FEED жобалауын аяқтау, EPC бойынша тендерлер өткізу және түпкілікті инвестициялық шешімді қабылдау жоспарланған. Осы жобалар іске асырылса, мұнай өндіру көлемі 4 млн тоннаға дейін артады. Биыл бұл жобаларға 40 млн доллардан астам инвестиция бөлінеді.

Мұнай өңдеу саласына келсек, 2025 жылы 17,6 млн тонна мұнай өңдеу жоспарланған. Мұнай өнімдерін өндіру көлемі 14,6 млн тоннаны құрамақ. «Caspi Bitum» өндірісін жылына 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін кеңейту жобасы аяқталуға жақын. Бұл битум зауыттарының қуатын жылына 1,2-ден 1,45 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған жобаға 21 млрд теңгеден астам инвестиция бөлінді.

Сондай-ақ оқыңыз