Жаңалықтар

БЖЗҚ қаражатына тиіспейміз. Үкімет АЭС салу үшін шетел банктерінен қарыз алуы мүмкін

АЭС салу үшін үкімет шетел банктерінен қарыз алуы мүмкін / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов
АЭС салу үшін Үкімет шетел банктерінен қарыз алуы мүмкін / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

АЭС салу үшін Үкімет шетел банктерінен қарыз алуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов айтты.

Қандай қаражатқа салынады?

Министрлік өкілінің айтуынша, АЭС жобасы кез-келген коммерциялық жобадан еш айырмашылығы жоқ. Үкімет қалай АЭС-ке қажетті жабдықты жеткізетін компания анықталады, солай жұмысты бастамақшы. Яғни жеткізуші анықталған соң, жобаның қандай қаражатқа және қай елдің қаражатына жүзеге асырылатыны белгілі болады.

«Егер қандай да бір шет елдің құрылығысы пайдаланылса, сол елдің банктерінен қаражат тартылуы мүмкін. Мәселен, жабдық Қытайдан әкелінсе, қытайлық Эксим банк бар, ал Германиядан алсақ, мұндай жобаларды Hermes қаржыландырады, АҚШ-тан жеткізілсе, америкалық Эксим банк бар. Жобаға қаржылық даму институттары қатыса алады. Энергетикалық жобалар осындай қаржы институттары үшін тартымды сала болып есептеледі. Өйткені бұл салада тәуекел аз», – деді министрлік өкілі.

Ал «Бәйтерек» ұлттық холдингінің төрағасы Рустам Қарағойшин АЭС құрылысына зейнетақы қорының қаражатын жұмсалмайтынын айтты.

Қайда салынады?

Айта кетсек, Қазақстанда бір емес бірнеше АЭС салынады. Үкімет бірінші атом электр станциясының орнын бекітті. Алғашқы АЭС Алматы облысының Жамбыл ауданында салынады.

Ал екінші атом электр станциясы Абай облысының Курчатов қаласында салынуы мүмкін. Бұл жерде Семей полигоны кезінде жұмыс істеген ядролық ғылыми орталық әлі де жұмыс істейді. Сонымен бірге АЭС-ке қажетті инфрақұрылым да бар. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев екінші АЭС салуға ыңғайлы орын ретінде Курчатов қаласын қарастырып жатқанын растаған.

Сонымен бірге Үкімет АЭС салуға ыңғайлы орын ретінде Ақтау қаласын қарастырып жатыр.