
Ресейдің «АльфаСтрахование» акционерлік қоғамы Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты авиакаско сақтандыру өтемақысын төледі. Бұл туралы сақтандыру компаниясының өкілі Илья Кабачник айтқан.
«Ұшақ үшін төлем ақпан айында толық көлемде төленді», – деп мәлімдеген компания өкілі.
Алайда компанияның AZAL әуе компаниясына қанша қаражат төлегенін нақтыламаған. Бір қызығы, ұшақ апатына қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ. Әдетте сақтандыру компаниялар тергеудің аяқталғанын күтеді.
«Тергеу әлі жүріп жатқанымен, өтемақы төлеу үшін бізде жеткілікті ақпарат бар еді. Сақтандырушы ретінде біз үшін ұшақтың апатқа ұшырағаны анық. Сонымен қатар біз соғыс және терроризм қаупінен сақтандырғанбыз. Сол себепті бұл компания кез келген жағдайда өтемақы алады», – дейді компания өкілі.
Айта кетейік, Ақтаудағы әуе апаты құпиясы ашылмаған ірі оқиғалар қатарында аталады. Апатқа Ресей тарап жіберген зымырандар себеп болды деген болжам айтылады. Сонымен бірге Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Көлік министрлігі жариялаған алдын ала қорытынды есебінде ұшақтан бөгде металдардың анықталғаны айтылған. Солайша бұл есеп ұшаққа сырттан соққы болғанын растаған еді.
Сырттан соққы алғаны расталғанымен, Ресей тарапы бұл ұшақ апатына қатысты ешқандай мәлімдеме жасады. Путиннің баспасөз хатшысы Ресей президентінің бұл оқиғаға қатысты ешқандай пікір білдірмейтінін жеткізді.
Әзербайжан тарапы Ресей кінәсін мойындамаса, халықаралық сотқа жүгінетінін мәдімдеді.