Жаңалықтар

Миллиондаған доллар жұмсалатын имидждік шаралар өзін ақтай ма – ҰЭМ өкілі жауап берді

Ұлттық экономика вице-министрі имидждік шараларға кететін қаражат өзін ақтайтынын айтты / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында имидждік шығындарды азайтып жатыр ма? Бұл сұраққа Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов жауап берді.

«Республикалық шығындардың ішінде имидждік шараларға жұмсалатын қаражат үлесі небәрі 00,1%-ды құрайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Мұндай шаралар капитал мен инвестиция тартуға бағытталған. Сол себепті бұл шаралар белгілі бір деңгейде өз шығынан ақтайды деп санаймын», – деді вице-министр.

Айтуынша, Қазақстанда жұмыс істейтін инвесторлардың дені осындай имидждік шаралар барысында тартылған. Солайша жыл сайын елдегі жобаларға тартылатын шетелдік инвестиция көлемі жылына 20 млрд доллардан асқан.

«Егер шетел компанияларынан келетін инвестиция көлемін бір күнге шағатын болсақ, әр күн сайын шетелден келіп жатқан қаражат 50 млн доллар көлемінде болады. Біз осыдан-ақ 1-2-3 млн доллар тұратын имидждік шаралардың өзін толық ақтап алатынын көре аламыз», – дейді Қасенов.

Сонымен бірге вице-министр имидждік шараларға көп жағдайда бюджет қаражаты жұмсалмайтынын атап өтті. Айтуынша, мұндай шаралар демеушілердің көмегімен өткізіледі. 2024 жылы Үкімет мұндай шараларды қысқарту арқылы 400 млрд теңге көлемінде қаражат үнемдей алған.