
Қосылған құн салығы көтерілетіні туралы ақпарат тарай бастағалы бері, бағалар өсе бастады. Мұның себебін Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов ҚҚС туралы ақпаратпен еш байланыстырмайды. Айтуынша, елдегі инфляцияға тұтынушылық кредиттің артуы себеп болған.
«ҚҚС көтерілетіні туралы ақпарат тарағалы, бағалар көтеріліп кетті. Бірақ қосылған құн салығы әлі көтерілген жоқ. Мұның себебі неде?», – деп сұрады журналист.
Арман Қасенов инфляцияның күшейіп, бағалардың өсуіне тұтынушылақ несие көлемінің артуы әсер ететінін айтады. ҰЭМ мәліметінше, соңғы үш жылда несие көлемі 30%-ға артқан. Мұндай құбылыс инфляциялық ахуалға теріс ықпал етеді.
«Өткен жылмен салыстырғанда инфляция бойынша жағдай біршама тұрақты. Ол кезде инфляция деңгейі 8,6%-ды құраған. Оның алдында 10% шамасында болды. Инфляция монетарлық сипатқа ие. Оған негізінен несиелеу қарқыны мен көлемі әсер етеді. Соңғы үш жылда несие көлемі 30%-ға артты. Бұл көрсеткіштер ЖІӨ-ден жылдам өсіп жатыр. Бұл сұраныстың артуына әсер етеді», – дейді ҰЭМ өкілі.
Қасенов елде инфляцияға қарсы 100-ден астам кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатқананын айтты. Жыл соңында оның деңгейі 10%-ға жетуі ықтимал.
Айта кетейік, 10% межеге қазірдің өзінде жақын тұрмыз. Инфляция ақпанда 9,4%-ға артқан. Өткен айда көрсеткіш 1,5%-ға бірақ көтерілген.