Жаңалықтар

2025 жылы 500 млрд теңгеге 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

2025 жылы 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі
2025 жылы 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі / Фото: kursiv.media

2025 жылы Қазақстанда 500 млрд теңгеге 19 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

«Биыл 19 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру үшін «Бәйтерек» арқылы 500 млрд теңге қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталуда», – деді министр.

Оның 300 млрд теңгесіне 21 мың жалға берілетін пәтерлерді сатып алуға жұмсалмақ. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 120 млрд теңге көзделген. Қалған 80 млрд теңге қаражат «Отбасы Банктің» «2-10-20» және «5-10-20» ипотекалық бағдарламаларына жұмсалады.

Министр тұрғын үй саласына қаражат бөлу кезекте тұрған азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге жол ашатынын айтты.

Айта кетейік, 2024 жылы 172 089 баспана пайдалануға берілген. Оның 39 064-і жеке үй. Осы жылы ең көп тұрғын үй салған өңірлер арасында Шымкент қаласы, Павлодар, Түркістан және Қызылорда облыстары көш басында.