Жаңалықтар

Еуропа Ресейдің активін тәркілеп, Украина қауіпсіздігінің кепілі ретінде пайдаланбақ

Еуропа Ресейдің 200 млрд еуроға жуық активін тәркілемекші / Фото:Shutterstock

Еуропа Ресейдің 200 млрд еуроға жуық бұғатталған активін тәркілемекші. Бұл қадам Украинадағы әскери қақтығысты тоқтату туралы бейбіт келісімнің бір бөлігі болуы мүмкін деп жазады Financial Times.

Бұрын ЕО аумағындағы ресейлік активтерді тәркілеуге қарсы болған Франция, Германия және Ұлыбритания оларды қалай пайдалануға болатынын қарастырмақшы. Франция өкілдері Мәскеу Украинадағы болашақ бітім келісімін бұзған жағдайда, 200 млрд еуродан астам активті тәркілеу идеясын ұсынған.

Ресей активтері қайда сақталған?

2022 жылы G7 елдері Ресейдің шамамен 300 млрд еуро көлеміндегі активтерін бұғаттады. Оның негізгі бөлігі – 190 млрд еуро – Бельгиядағы орталық депозитарийде сақталған. Қалған активтер Франция, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ және Швейцарияда орналасқан.

АҚШ пен Украина арасындағы шиеленіс

Өткен аптада Вашингтон мен Киев арасында украин жер қойнауындағы пайдалы қазбаларға қол жеткізу туралы келісімге қол қойылуы тиіс еді. Алайда, Зеленский мен Трамптың арасындағы шиеленісті пікірталас келісімнің бұзылуына әкелді.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс те пікірталасқа қатысып, украин делегациясы Ақ үйден кетіп қалды, ал келісімнің күші жойылды.

Ұлыбритания, Франция және ЕО-ның ұстанымы

Осы оқиғадан кейін Зеленский Лондонға ұшып, Ұлыбритания премьері Кир Стармермен кездесті. Кейін Стармер Франция президенті Эммануэль Макронмен және Трамппен байланысқа шыққан. Кейінірек Макрон Еуроодақтың Украинаға қатысты жаңа жоспарының егжей-тегжейін жариялады, оның басты тармағы – бір айға уақытша бітім жариялау.

Бүгін АҚШ президенті Дональд Трамптың  Украинаға көрсетілетін әскери көмекті уақытша тоқтатқаны белгілі болды. CNN-нің мәліметінше, АҚШ-тың бұл шешімі ұзақ мерзімде Украина Қарулы күштері үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Ақ үйдің көмегінсіз Украина жазға дейін шыдай алады дейді шетелдік басылымдар.