Жаңалықтар

Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін салық жеңілдіктерін қысқартуға кірісті

салықты доллармен
Үкімет салық жеңілдіктерін алып тастамақ / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Салықтық жеңілдіктерді алып тастаса, бюджет тапшылығы да азаяды. Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов үкіметтегі брифингте салықтық жеңілдіктерді қысқарту себебін осылай түсіндірді.

«Шын мәнінде, салықтық жеңілдіктерді қысқарту – бұл бюджет тапшылығын азайтудың бір жолы. Сондықтан бұл бастама қарастырылып отыр және мемлекеттік қаржының тұрақтануына ықпал етеді», – деді ол.

Журналистер қай салаларға әсер ететінін және бизнес пен азаматтар үшін қаншалықты ауыр болатынын сұрады. Бірақ вице-министр нақты салаларды атаған жоқ. Дегенмен салықтық жеңілдіктерді оңтайландыру арқылы шамамен 800 млрд теңге үнемдеу жоспарланып отыр деген ойын айтты.

«Бұл – айтарлықтай сома. Дегенмен, әлі де талқылаулар жүріп жатыр. Жалпы, бұл дұрыс бағыт», – деп толықтырды Қасенов.

Айта кетейік, салықтық жеңілдіктерді қайта қарау Мәжілісте жаңа Салық кодексі аясында талқыланып жатыр. Депутаттар жаңа заң жобасын сынға алып, салық мөлшерлемесін көтергенге үкімет шығындарын қысқарту керек деген пікірін айтты.