Жаңалықтар

Соғыс басталғаннан кейін тоқтаған ресейлік «Солтүстік ағын-2» жұмысын қайта бастайды

солтүстік ағын 2
«Солтүстік ағын-2» қайта жұмысын бастайды / Фото: shutterstock

«Солтүстік ағын – 2» газ құбыры америкалық инвесторлардың қатысуымен қайта іске қосылуы мүмкін. Бұл жобаны Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Германия тоқтатқан еді деп жазады Financial Times.

Басылымның хабарлауынша, бұл жобаны бұрын Nord Stream компаниясының бас директоры болған және Владимир Путиннің жақын досы саналатын Маттиас Варниг қолға алған.

Келіссөздерге қатысқан дереккөздің айтуынша, Варниг АҚШ бизнесмендері арқылы Трамп командасымен байланыс орнатып, Украина бойынша бейбіт келісімге келуді жоспарлап отыр. Ал Трамп әкімшілігіндегі кейбір жоғары лауазымды тұлғалар бұл жоспардан хабардар көрінеді. ЕуроОдақ басшылары келіссөздер туралы соңғы апталарда біліп, алаңдаушылық танытқан.

Маттиас Варниг FT-ге берген түсініктемесінде «америкалық саясаткерлермен немесе бизнесмендермен ешқандай келіссөз жүргізбейтінін» және АҚШ санкцияларының талаптарын сақтайтынын айтты.

Дегенмен егер Варнингтің жоспары орындалса, АҚШ Еуропаның энергетикалық жүйесін бақылауға алуы да мүмкін. Бірақ іске асыру үшін бірнеше маңызды қадамдар қажет. Олар:

  • АҚШ Ресейге салынған санкцияларды алып тастауы керек
  • Ресей газ жеткізуді қайта бастауы тиіс
  • Германия құбыр арқылы газ тасымалдауға рұқсат беруі қажет

«Солтүстік ағын – 2» – Украинаны айналып өтіп, Еуропаға газ тасымалдайтын Ресейдің құбыр желісі. Ұзындығы 1200 шақырымға жетеді, жылына 110 млрд текше метр газ жіберуге болады. Бірақ жобаның құрылысына бастапқыда АҚШ пен Украина қарсы болған. Тіпті 2019 жылы Дональд Трамп «Солтүстік ағын-2» құрылысына санкция жариялаған еді.