Банктер бизнеске несие беруі үшін мемлекет жеңілдік жасауы керек – Шаяхметова

Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова банктерді бизнесті несиелендіруге ынталандыру үшін мемлекет салықтық жеңілдіктер қарастыруы керек деген пікірде. Себебі қазір екінші деңгейлі банктер үшін бизнеске несие беру азаматтарға қарағанда онша тартымды емес. Бұл туралы Үкімет отырысында айтты.
Бизнеске көмек беретін тек банктер ғана ма?
«Бүгінде бизнес несиелерінің экономикасы банктер үшін жеке тұлғаларды несиелеумен салыстырғанда онша тиімді емес. Сондықтан біз бизнеске берілетін несиелерге салықтық жеңілдіктер қарастыруды ұсынамыз. Бұл мәселе қазір парламентте талқыланып жатыр», – деді Шаяхметова Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, Қазақстандағы шағын және орта бизнесті (ШОБ) дамытудың маңызды жолдарының бірі – ірі кәсіпорындармен және мемлекеттік корпорациялармен келісімшарттар жасау. Мысалы, 2024 жылы «Самұрық-Қазына» қоры 10 трлн теңгеге жуық сатып алулар жүзеге асырған. Шаяхметованың пікірінше, шағын және орта бизнесті осындай келісімшарттарды орындауда қолдаудың тиімді құралы факторинг немесе дебиторлық қарызды сатып алу болуы мүмкін.
«Алайда Қазақстанда қалыптасқан бизнес тәжірибесі бұл құралдың толыққанды дамуына мүмкіндік бермей отыр. Ірі кәсіпорындар сатып алу процестерін өзгертіп, ШОБ-қа факторинг тартуға жағдай жасағысы келмейді. Halyk Bank бұл өнімді дамытуға және үкіметтің қолдауымен ұлттық факторинг платформасын құруға дайын», – деді банк басшысы.
Бизнесті несиелеудің тағы бір мүмкіндігі – лизинг. Алайда бүгінде бұл нарықтың 90%-ын даму институттары бақылайды, ал олардың пайыздық мөлшерлемелері банктермен бәсекеге қабілетсіз. Сондықтан Шаяхметова Қазақстанда заманауи лизинг туралы заң қабылдауды маңызды деп санайды.
«Лизингтік ұйымдар шешім қабылдағанда кәсіпорынның қаржылық жағдайын емес, лизинг нысанының өтімділігін бағалауға көбірек мән берсе, бұл оң шешімдердің санын арттырып, процесс уақытын едәуір қысқартар еді», – деді ол.
Шаяхметоваға Бектеновтің жауабы қандай?
Шаяхметова қазіргі уақытта банк несие портфелінің 7 трлн теңгеге жеткенін, бұл бүкіл банк секторының 50%-дан астамын құрайтынын атап өтті. Соңғы үш жылда несие портфелі 3 трлн теңгеге ұлғайған.
«2024 жылы Halyk Bank 10 трлн теңге көлемінде несие берді. Бірақ портфель амортизацияланатындықтан, таза өсім шамамен 1 трлн теңгені құрады. Біздің 5 трлн теңгелік несие портфеліміздің басым бөлігі – өнеркәсіптік сектордағы нақты экономика жобаларына бағытталған. Біз қазақстандық бизнесті қолдауға әрдайым дайынбыз», – деді Шаяхметова.
Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсыныстарды пысықтауға уәде берді.
«Факторинг, лизинг бойынша, егер жаңа заң қажет болса, қазіргі нормалар ескірген болса, зерттеп көріңіздер», – деді Бектенов Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге.
Жұманғарин Halyk Bank ұсыныстары жаңа Салық кодексін әзірлеу аясында қарастырылуы мүмкін екенін айтты. Дегенмен Үкімет басшысы экономиканы қаржыландыруда банктер негізгі рөл атқаруы қажет деп есептейді.
«Банктер нақты секторды қаржыландыруда негізгі рөл атқаруы керек. Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында дәл осыны айтты. Біз биыл нақты сектор жобаларын уақытылы қаржыландыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз», – деді премьер-министр.