Авто

BYD пен Tesla бензинмен жүретін автомобильдерге қарсы күш біріктіреді

Tesla мен BYD бензинмен жүретін автомобильдерге қарсы күш біріктіреді / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қытайдың электромобиль өндіруші автогиганты – BYD бензинмен жүретін автокөліктермен күресу үшін америкалық Tesla компаниясымен «әріптес» болуға уәде берді.

Маңызды коллаборация

BYD өкілінің мәлімдеуінше, Батыс елдеріне қарағанда, Қытай шетел бизнесімен достасуға «әлдеқайда ашық».

«Біздің ортақ жауымыз – бензинмен оталатын қозғалтқыш орнатылған автомобиль. Саланы өзгерту үшін бізге бірге жұмыс істеу қажет», – деп мәлімдеді BYD автогигантының атқарушы вице-президенті Стелла Ли Financial Times басылымына.

Соған қарамастан, Tesla мен BYD әлемдегі ең ірі электрокар өндірушілер ретінде өзара бәсекеле болуды тоқтатпайды.

Қытайлық компания Еуропа автонарығын жаулап алуға күш салып жатыр. Ал Tesla болса қожайыны Илон Масктің саяси белсенділігі артқан сайын көбірек зардап шегіп отыр. Себебі еуропалықтар миллиардер саясаткер өнімінен жаппай бас тарта бастады.

Қытай шақырады

Бұл уақытта Лондондағы көрме залында сөйлеген Ли шетел компанияларымен озық технологиясын бөлісуге дайын екенін мәлімдеді. BYD өкілінің пікірінше, Қытай автомобиль нарығы – «инновациялар отаны». Вице-президент шетел компанияларын Қытайға шақырды.

«Үкімет сіздерлі қолдайды. Кез келген технологияны жүзеге асыру үшін сіздермен бірге жұмыс істейді», – дейді Ли.

Ол электромобильдерін АҚШ-қа экспорттау жоспарда жоқ екенін растады. Себебі Вашингтон Қытай электромобильдері импортына 100 пайыздық баж салығын салып отыр.

Қытай автоөндірісінің жетістіктері

BYD 2025 жылғы ақпанда 318 мыңнан аса электрокар мен гибрид автокөлігін сатты. Соның ішінде  67 мыңнан аса электромобиль шетелге экспортталды.

Бұған дейін Kursiv.Media қытайлық BYD электромобиль өндіруші енді көліктерінің бәріне, тіпті арзандарына да жетілдірілген автономды басқару жүйесін енгізгелі жатқанын жазды. Автономды жүйе «Құдайдың көзі» деп аталады.

Жақында Қытайдың тағы бір ірі автокомпаниясы Қазақстанға екі жаңа өнімін сатуға жібергелі жатқанын ресми түрде растаған. 2025 жылғы қаңтарда Қазақстанда қытай автокөліктері жақсы сатылды.

Сонымен бірге Қазақстанда қытай автомобильдерін құрастыратын зауыт биыл жазға дейін іске қосылады.