OPEC+ елдері, соның ішінде Қазақстан мұнай өндірісін арттыруға келісті

OPEC+ елдері, соның ішінде Қазақстан 2025 жылы 1 сәуірден бастап мұнай өндірісін 18 ай бойы біртіндеп арттыруға келісті. Ұйым шешімінен соң мұнай арзандады.
Бір жарым жылдан соң Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Алжир және Оман өндіріс көлемін бір тәулікте 2,2 млн баррельге дейін жеткізеді, деп хабарлайды Financial Times.
Басылым мәліметінше, мұнай экспорттаушы елдер ұйымының осы шешімінен соң әлем нарығында мұнай бағасы біртіндеп түсе бастады. Биыл қаңтарда АҚШ президенті Дональд Трамп OPEC+ елдерінен мұнай бағасын түсіруді сұраған.
Қазақстанның мұнай өндірісіне бөлінген қазіргі лимиті – 1,468 млн баррель. Алайда Астана мұндай шектеуді 2024 жылдан бері орындамай жүр.
Бұған дейін Kursiv.Media биыл ақпан айында Қазақстан 2,12 млн баррель (289 мың тонна) мұнай өндіріп, рекорд орнатқанын жазды. Мұндай көрсеткіш 19 ақпанда тіркелген. Оған Теңіз мұнай кен орнын игеруді кеңейту жоспары себеп болды.
OPEC+ шешімі қазақ үкіметіне ыңғайлы
Осының алдында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қазақстан ОПЕК-ке бақылаушы ел болғандықтан, оның талаптарын орындауға міндетті емес мәлімдеген.
Бұған қоса, Қазақстан үкіметі OPEC+ алдындағы міндеттерін орындауды тағы кейінге шегеріп, 2025 жылы 96,2 млн тонна мұнай өндіруді көздеп отыр.
«Өндіріс көрсеткіші ең алдымен «Теңіз» кен орнында кеңейту жобасының арқасында өседі деп жоспарланды. Ол 2025 жылдың бірінші жартысында іске қосылуға тиіс. Бұған қоса «Қарашығанақта», Каспий шельфi қайраңында («Қаламқас-Теңіз» және «Хазар») жұмыстар жалғасып жатыр», – деп мәлімдеген энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 26 ақпанда.
2024 жылы Қазақстан 87,7 млн тонна мұнай өндірді.